Цифрлық репутация менеджері, әлеуметті тьютор, киберқауіпсіздік инженері, дрондар операторы. Қазақстанда соңғы жылдары осындай 75 жаңа мамандық пайда болды. Бұл туралы Үкімет отырысында айтылды. Ал биыл отын-энергетика саласында 13 мыңнан астам жұмыс орны ашылмақ. Әкімдердің қызметі келер жылдан бастап халықты жұмыспен қамту көрсеткішіне қарай бағаланады.
Алдымен Қазақстанның еңбек нарығына талдау жасасақ. Елімізде бүгінгі күні 7800 мамандық бар екен. Қазір халықтың 7,1 миллионнан астамы жұмыспен қамтылған. Халықтың 4,6% екі қолға бір күрек таппай жүр. Ал 2,1 млн адам өзін-өзі жұмыспен қамтыған. Азаматтардың көбі цифрлық дағдыларды игеруде. Кәсіпкерлер арасында онлайн-платформалар арқылы жұмыс істейтіндер, яғни электрондық саудамен айналысатындар қатары артуда. Жалпы соңғы уақытта 75 жаңа мамандық пайда болыпты.
Иран Шархан, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі:
-Мысалы, металлургия және тау-кен өндірісі саласында смарт жүйелерді әзірлеуші, роботтандырылған тау техникасының операторы, машина жасау саласында виртуалды прототиптеуші маманы, құрылыста Big Data талдаушысы, «Ақылды үй» жобалаушысы сияқты жаңа мамандықтар пайда болды. Сонымен қатар бизнес процестерді автоматтандыруға байланысты 40-тан астам мамандық өзгеріске ұшырады. Биыл Қазақстанда 190 инвестициялық жоба іске қосылады деп жоспарланған. Оларға 3D басып шығарушы, дәнекерлеу инженері, роботтандырылған бояу жүйелерінің операторы сияқты кәсіптің тілін білетін шеберлер керек. Сондықтан елімізде тағы онға жуық жаңа мамандық пайда болу мүмкін.
Асқар Биахметов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі:
- Жыл басынан бері 250 мыңнан астам адам жұмысқа орналасты, оның ішінде 38%-ы жастар (95,4 мың адам). Жыл басынан бері 196 мыңнан астам адам жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларымен қамтамасыз етілді.
Сондай шаралардың бірі дуалды оқыту. Бұл өндірістік ортаға бейімделген білікті кадрларды даярлаудың тиімді тетігі. Мәселен, 700-ге жуық кәсіпорын өз жұмысшыларын еліміздегі колледж базасында даярлапты.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Мемлекет басшысы 2030 жылға қарай 3,3 млн адамды, соның ішінде 2,3 млн жастарымызды жұмысқа орналастыру бойынша нақты бағыт-бағдарымызды айқындап берді. Халықты жұмыспен қамту мәселесін кешенді түрде шешу үшін қазіргі таңда еңбек нарығын трансформациялау жүріп жатыр. Бүгінде елімізде ауқымды логистикалық және энергетикалық жобалар іске қосылып жатыр. Түрлі салаларда цифрлық шешімдер белсенді енгізілуде. Жалпы кешенді шаралар жаңа сапалы жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.
Биыл жұмысшы мамандықтар жылы аясында бір ғана отын-энергетика кешені саласында 13 мыңнан астам жұмыс орны ашылады. Оның 6 мыңы мұнай-газ саласын меңгереді. Электр энергетикасында 3 мыңнан астам орын пайда болмақ. Жаңартылатын энергия көздері үшін де 3 мың маман қажет екен. Сондай-ақ биыл мұнай-газ химиясында қосымша 945, ал агроөнеркәсіп кешенінінде 6 мың жұмыс орнын ашу жоспарланған.
Айтпақшы, жұмыссыз жүргендер санын азайту аудан және қала әкімдерінің KPI жүйесін енгізу көзделуде. Демек келесі жылдан бастап жергілікті билік еңбек нарығын елеусіз қалдырмауға өздері мүдделі болады.
Ердәулет Ыбырайұлы, Тайыр Мерекенов