Алматы облысында әскери тікұшақ іздестіріліп жатыр

  • 56
  • 29.07.2025, 18:35

Алматы облысында радардан жоғалып кеткен әскери тікұшақ төрт күннен бері іздестіріліп жатыр. Сорбұлақ су қоймасындағы іздеу жұмыстары әзірге нәтиже берген жоқ. Әскери техниканың бөлшектері табылған көлдің әр шаршы метрі тексерілуде. 13 қайық пен сүңгуірлер және судың түбін тексеретін арнайы техника жұмылдырылған. 

Әскери тікұшақты іздеуге 400-ден астам адам мен 150 техника жұмылдырылған. Олар төрт күннен бері Сорбұлақтың түбін тексеріп жатыр. Тікұшақ құлауы мүмкін деген аумақтың 60% сүзіп шыққан. Алайда әскери ұшақтың пластик қаптамаларының қалдығы ғана табылыпты. 

Ербол Ысманқұлов, ҚР ҚМ Әскери әуе күштері әскери бөлім командирінің орынбасары:

-Сорбұлақ балдырмен толып кеткен. Тұнық емес, асты көрінбейді. Сол қиындық тудырып жатыр. Тексерген кезде жердің түбі көрінбейді. Балдыр толып кеткен, астында жаңағы орысша айтқанда тина дейді ғой, балдырмен толып кеткен, өте қиын. Сол кішкене кедергі болып жатыр. Су таза емес.

Әскери ұшақ радардан ғайып болып, іздеу басталған күннен бері бортта болған экипаж мүшелерінің жақындары су қоймасын жағалап жүр. Тағат таппаған туыстары әскерилердің жанында түнеп, жақындарының амандығын тілеп отыр. 

Медет Ержігіт, EC-145 тікұшақ экипажының капитаны Д. Ержігіттің ағасы: 

-Жиырма алтысы таңнан бері осы жерде жүрміз. Осы құтқару жұмыстары жүріп жатыр, өз көзімізбен көріп жатырмыз. Бүкіл ТЖМ, Авиация, Нұржігітпен жұмыс істеген офицерлердің барлығы аяғынан тік тұрып осы жерде жүр, ешқайсысы үйіне қайтқан жоқ. 

85 шаршы шақырымға созылған Сорбұлақ су қоймайсының тереңдігі 26 метрге дейін жетеді екен. Балдыр басқан лай судан ештеңе көрінбейді. Мұнда Қорғаныс министрлігі мен Төтенше жағдайлар министрлігінің мамандарынан бөлек, Ақтаудан арнайы 15 сүңгуір келген. Мамандар әскери тікұшақты іздеу жұмыстары алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді. 

Аршын Кемелжан, Сержан Жұмабаев