Жетісу өңіріндегі Дауылбай қорымынан сақ дәуіріне тиесілі алтын бұйымдар табылды. Талдықорған іргесіндегі тарихи орында қазба жұмыстары үшінші жыл жалғасып жатыр. Былтыр археологтар жүргізген экспедиция да сәтті аяқталған. Олар қазып алған көне жәдігерлер арасында бағалы тастармен көмкерілген алтын белдіктің қалдығы бар.
Сақ қорғандарын зерттеп жүрген археологтар жуырда күтпеген олжаға кенелді. Олар көне қорымның сегізбұрышты орталық бөлмесіне апаратын жабық дәлізді кезіктірген. Ғалымдардың пікірінше, бұл жерге біздің заманымызға дейінгі ІV ғасырда адамдар жерленген болуы ықтимал. Ұры-қарақшыдан қорғау мақсатында діни кешенге кіреберісте тұзақтар қойылған. Ағаш бұйымдардың қалдығы соны айғақтайды.
Руслан Шербаев, археолог:
-Қорғанды зерттей келе оның Жетісудің жеті өзені аумағында зороастризм дінін насихаттаған ғибадатхана болуы мүмкін деген ойға келдік. Осы жерде аң стилінде жасалған алтын әшекейлер табылды. Келесі қорымнан салт атты күйде жерленген қаңқа сүйектерін көрдік. Екі жағына ошақ қойылған бұл алаңды көне ғибадатханаға апаратын кіреберіске ұқсаттық. Осында жерлеу рәсімі өткізілген болуы ықтимал.
Археолог Есбол Серікбол шағын қорғандардың бірін зерттеп жүр. Оның таяуда тапқан олжасы экспедиция мүшелерін қайран қалдырыпты.
Есбол Серікбол, археолог:
-Бас қаңқа кішігірім деформацияланған. Бұл жерлеу дәстүрі. Өліні көму дәстүрі ғұндар кезеңіне жатады. Жалпы алғанда Дауылбай обалы қорымы элитарлы 7 обадан тұрады. Осы уақытқа дейін 3 жылда төрт оба қазылды. Ол жерлеу орындары негізінен түркі кезеңіне дейінгі аралықты қамтуы мүмкін.
Археологтар жыл аяқталғанша 7 патшалық обада қазба жұмыстарын жалғастыруды жоспарлаған. Былтыр Дауылбай қорымын зерттеу кезінде алтын бұйымдардың табылуына орай биыл олар көне ғибадатханаға үлкен үміт артып отыр. Ғалымдар осы аумақта бойы 2 метр болатын ер адамның қаңқасын кезіктірген. Сол себепті тереңдіктен әлі де қорымдардың табыларына сенеді.
Ғалымжан Оспанов, облыстық Тарихи-мәдени мұраларды қорғау орталығының директоры:
-Бізде қаражат мәселесі. Егер бюджеттен бөлініп жатса, онда зерттеулер көбірек болады. Біздің Жетісу облысы мәдени мұраларға өте бай өлке. Осы жұмыстардың нәтижесінде біз монография шығарамыз. Конференция өткіземіз. Егер осы жерде алдыңғы жылдағылар сияқты жақсы жәдігерлер шығып жатса, оны Тынышбаев атындағы музейге өткіземіз деген жоспар бар.
Айта кетсек, Дауылбай қорымында шамамен жүзге жуық сақ қорғаны бар. «Олардың әрқайсы кешенді түрде зерттеуді қажет етеді. Бұл жұмыстарға шамамен 10 жыл уақыт керек», – дейді мамандар.
Талғат Исламұлы, Гүлнар Жантасова, Олжас Байбосынов