Атырау облысының тұрғындары жарыққа жарымай отыр

  • 81
  • 31.07.2025, 18:30

Атырау облысындағы Құрманғазы ауданына қарасты ауылдарда электр жарығы жиі сөніп, тұрғындарды титықтатқан. Әсіресе Ақкөл, Бөкейхан елді мекендеріндегі мәселе күрделі. Жаздың аптабында әр үйде салқындатқыш қосылатыны белгілі. Ал ескірген желілер оны көтере алмайды. Мәселе қашан шешіледі? 

Асланбек Шығыр, тілші:

- 5 мыңға тарта тұрғыны бар Ақкөл ауылында қазір жарық мәселесі күрделі. Өйткені мына тұрған электр бағаналары өткен ғасырдың 70-жылдары салынған. Тұрғанына жарты ғасырдан асқан желілер қазір  әбден  ескірген.

Талғат Төлемісов Ақкөл ауылының байырғы тұрғыны. 50 жылдан бері осында тұрады. Электр желілерінің ескіруі себепті елді мекенде жарық жиі сөнеді. «Оған қоса көше жарықтарының болмауы да мектеп оқушылары үшін қиындық тудырады», - дейді тұрғын. 

Талғат Төлемісов, Ақкөл ауылының тұрғыны:

- Өткен ғасырдың 70-жылдары теміржол жүрген мезгілде осы электр жүйелері, ескі жүйе салынды ғой. Содан бермен қарай келе жатыр ғой енді. Биыл 55 жыл болып отыр. Енді «50 жылда ел жаңа», - дейді ғой. Көше жарықтарының кішкене аз болуы мынау әсіресе мектеп оқушыларының қыс мезгілінде екінші кезектен кеш шығады. Қараңғы түсе шығады. Сол мезгілде көше жарықтарының болмауы өте қатты қиын.

Бұл мәселені реттеу үшін жауаптылар 2023 жылдан бері ескірген желілерді жаңартуға кіріскен. Бюджеттен бөлінген 370 млн теңгеге 40 шақырымға жуық электр желісі ауыстырылыпты. «Қазір электр қуатын жеткізуші мекемемен келісімшарт жасалып жатыр», - дейді ауылдық округ әкімдігінің бас маманы. 

Еркебұлан Қайыр, Ақкөл ауылдық округі әкімдігінің бас маманы:

- Ақкөл ауылдық округі бойынша қазіргі уақытта 16 трансформатор ауыстырылды. 40 км жуық электр желілері, сонымен қатар 1080 бағана орналастырылды. Электр шамдары 465. Осындай көлемде жұмыстар орындалып, қазір жүргізілді. Құжаттарды рәсімдеуді күтіп отырмыз. 

Бөкейхан ауылының тұрғындарын да ескірген трансформаторлардың жайы алаңдатып отыр. Бұған қоса тозған желілердің жазда ыстыққа, қыста аязға шыдаймайтынын айтады. 

Ақылбек Сәрсенбаев, Бөкейхан ауылының тұрғыны:

- Бұл жазда істемей қалады. Бұл жерде көптеген үйлер қосылған. 70-80 шақты. Үлкен кісілер бар, ауру-сырқау адамдар бар. Жазда көтере алмай қалады. Кондер қосады, тағы басқасын қосады. Сол кезде трансформатор өшіп қалады. Ал шақыру үшін электромонтерді Шортанбайдан әкеледі. Ол 20 км жер. Одан электрик келгенше жарты сағат, 1 сағат болады. Ол келе қойса. Мұндай жазда төтенше жағдай біздің ауылда ғана емес, барлық жерде болады  ғой  енді.

Өңірдегі 2 мың шақырымнан астам электр желісінің 70 проценті тозып тұр. Облыстық энергетика басқармасының мәліметінше, ескірген желілерді жаңартуға 16 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінген. Оған 348 шақырым электр желісі ауыстырылды.

Асан Нұрғалиев, облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының бөлім басшысы:

- Теміржолдың бойында орналасқан елді мекендердің 237 шақырым электр желісі ауыстырылды. Қосалқы станциялар мен жоғары кернеулі электр желісі ауыстырылды. Бізде одан басқа Қызылқоға, Мақат, Жылыой ауданы, Индер ауданында 111 шақырым электр желісі жаңартылды. 137 электр шамдары  орнатылды.

«Жалпы облыс тұрғындарын электр энергиясымен қамту көрсеткіші 97,4 процент», - дейді жауаптылар. 155 елді мекеннің 151-інде электр желісі бар. Қалғаны жел мен күннен қуат алатын құрылғылар арқылы жарықпен қамтылып отыр.

Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин