Өскеменде жылу энергиясының тапшылығы 40% азаяды

  • 84
  • 31.07.2025, 18:32

Өскеменде алдағы уақытта жылу энергиясының тапшылығы 40 процентке азаяды. Өйткені шаһардағы ең ірі жылу электр орталығында жаңарту жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Қазандықтарға заманауи жабдықтар қойылып, қала шетінен күл жинау орны жабдықталуда. Жарты ғасыр бойы бір тетігі жаңармаған «электр энергиясын тарату алаңы» да өзгереді. 

78 жылдық тарихы бар жылу орталығында биыл ең ауқымды жөндеу жұмысы басталды. «Өйткені соңғы кездері қала аумағы көп-көрім ұлғайып, станция қуаттылығын арттыруға тура келді», - дейді мамандар. Бұл іс-шаралар үшін биылға 17 миллиард теңге жұмсалады. Жылу мекемесінде қуаттылығы 100 МВт 13-ші турбина және 400 тонна бу шығаруға қауқарлы 16-шы қазандық агрегаттары салынады.

Олжас Асылханов, «Өскемен ЖЭО» ЖШС Инвестициялық жобалар бойынша директоры:

- Жөндеу науқаны бел ортасына жетті, негізгі жабдықтар бойынша жұмыстарды орындау деңгейі 67 процентті құрап отыр.Осы биылғы  жұмыс, ремонт жұмысы компаниясы келесі жылу маусымын жақсы өткізуге Өскемен жылу электр орталығы жөндеу науқанын жүргізіп жатыр.

Бастысы, қолданыстағы күл жинайтын орын толып кеткендіктен, қазір қала шетінен жаңасы жабдықталып жатыр. Енді бұл алаңды 11 жыл қолдануға болады. Жерасты суын ластамай, барлық экологиялық талап үдесінен шығу мақсатында ол жерге геомембрана төселеді. Сонымен қатар электр энергиясын таратудың өзегі болып есептелетін ашық тарату алаңы да қайта жабдықталуда. 

Эльмира Ахметова, тілші:

- Бұл ашық тарату құрылғысы 50 жыл бойы жаңартылмаған екен. Биыл міне, қарбалас. Әрбір тетік ауыстырылып, толықтай жаңа жабдықтар қойылып жатыр. Бұның маңызы да зор. Өйткені орталықта өндірілген бүкіл электр энергиясы осы жерге жиналып, желіге таратылады.

Станциядағы жөндеу жұмыстарының сапасы да, бөлінген қаражаттың орынды игерілуі де Табиғи монополияларды реттеу департаментінің назарында. Себебі жаңғырту жобасына бөлінген қаржының бір бөлігі тарифті инвестицияға айырбастау бағдарламасымен төленеді.

Жұмагүл Мүсіпова, ШҚО Табиғи монополияларды реттеу департаменті басшысының міндетін атқарушы:

- Алдағы бекітілген 4 миллиард үстіне қосымша 3,5 миллард теңгені алатын болсақ, 50 процент қосымша инвестиция тартылған болатын. Тұтынушылар және қоғамдық белсенді қатысушылар, мәслихат депутаттары, қызығушылық танытқан тұлғалар бәрі барып көріп, сол объектілерге назар аудара алады.

Қала шетіндегі бірнеше ықшамаудан мен ірі зауытты жылумен қамтитын «Согра жылу электр орталығын» да жаңа өзгерістер күтіп тұр. Бұл нысандарда инвестициялық жобалар сәтті жүзеге асса, алдағы уақытта   станциялардың  жұмыс тиімділігі артып, жылу маусымы түйткілсіз өтетін болады.

Эльмира Ахметова, Дмитрий Пыхтин