Халықаралық деңгейдегі ірі инвестициялық жоба төңірегінде еңбек дауы туындап отыр. «Monterra Qazaqhstan» компаниясының бұрынғы қызметкерлері бірнеше айдан бері жалақыларын ала алмай жүр. Олар жұмыс берушімен байланыс үзілгенін айтып, Үкіметтен араша сұрауда. Жамбыл облысында 2000 адамды жұмыспен қамтып, өңірдің дамуына серпін береді деген тау-кен, металлургия комбинатының құрылысы неге тоқтап тұр?
Қордай ауданы Ноғайбай ауылында құрылысы басталып, аяқсыз қалған тау-кен, металлургия комбинаты Қазақстан мен Германияға ортақ жоба болған. 2016 жылы екіжақты келісім жасалып, 300 гектар жер бөлініпті. Миллиардтаған инвестиция құйылып, жұмысшаларға арнап үй де салынбақшы болған. Алтын қоры зерттеліп, құрылыс басталған. Алайда 2021 жылы қаржыландыру тоқтап, жұмыс берушілер ізім-ғайым жоғалды. 40-тан аса адам жалақы алмаса да бірнеше жыл үмітпен еңбек еткен.
Ақлима Ысқақова, «Monterra Qasaqstan» ЖШС бас есепшісі:
- 2024 жылдың соңына дейін келісімшартты тоқтатқанша біз жұмыс істедік. Келісімшартты ұзартқан болатын, яғни жұмыстар жалғасып жатты. Соның нәтижесінде мердігер ұйымдарға және ең маңыздысы қызметкерлер алдындағы қарыз жиналды. Жалпы берешек шамамен 1,5 миллиард теңге.
Былтыр желтоқсанда еліміздің Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі «Monterra Qazaqstan» кәсіпорнының жер қойнауын пайдалану келісімшартын қайтарып алды. Министрлік өкілінің айтуынша, кәсіпорын міндеттемесін орындай алмаған. Осылайша ірі жоба бірнеше жылда тоқтап қалды. Айлықсыз, жұмыссыз қалған адамдар әкімдікке, Еңбек инспекциясына, прокуратураға арыз жазған. Құзырлы органдар компанияны заңды мекенжайынан таппаған, басшылығына хабарласа алмаған.
Андрей Сивохин, «Monterra Qasaqstan» ЖШС Минералдық ресурстар қызметі басшысының орынбасары:
- «Monterra Qazaqhstan» компаниясының әртүрлі деңгейдегі 8 кен орны болған. Қаратас кенінде 6,5 тонна алтын бар. Тоспалыда 9 тонна, Шығыс Майбұлақта 750 келі қор анықталған. Біз оны дәл қазір-ақ өндіре аламыз. Бірақ қаржыландыру болмағандықтан, жұмыс тұралап қалды. Инвестор сенімсіз болып шықты.
1,5 миллиард еуродан аса инвестиция салып, 157 тонна алтын өндіруді жоспарлаған комбинат облыстағы ең ірі жоба атануы тиіс еді. Алайда компания басшылығы ізін суытып, кәсіпорын қарызға белшесінен батып отыр. Қызметкерлер болса, компанияның лицензиясын басқаға бермей тұрып, еңбекақыны төлеуді сұрайды. Жауаптылар табылмаған соң сот шешімі де орындалмаған.
Данияр Балтабай, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің бас сарапшысы:
- Жамбыл облысы бойынша мемлекеттік еңбек инспекторы бірнеше рет серіктестіктің мекенжайына шыққан, барған. Алайда жаңағы Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Қордай ауылы, Бәйдібек би 188 деген мекенжай бойынша серіктестік те жоқ, кеңсесі жоқ, ешнәрсесі жоқ. Жаңағы серіктестік болмағандықтан, біз хатта жоқ екен деп жазып бердік. Сол жауаппен енді қазір жұмыскерлер сотқа жүгінуі қажет.
Жобаны бастап, аяқсыз қалдырған Германиядағы «Monterra Group» өкілінің мәліметінше, Кристиан Граф фон Штрахвиц таяуда Қазақстанға келіссөздер жүргізуге келеді екен. Заң бойынша жауапты компания келісімшартпен алған жерді, геологиялық деректерді қайтаруы керек. Одан бөлек шығынды өтеуі шарт.
Аршын Кемелжан, Мұхит Құдықбаев