Жаңа оқу жылының алдында 500 мыңнан астам оқушыға материалдық қолдау көрсетілетін болды. Бұл «Жалпыға бірдей білім беру» қорының дәстүрлі шарасы.
Биылғы жылы бір балаға берілетін ең төменгі сома көлемі – 46 228 теңге. Қаржы оқушыға қажетті мектеп формасы мен оқу-құралдарын сатып алуға беріледі. Ақшалай көмек жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған, аз қамтылған және атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасы балаларына арналған. Сонымен қатар төтенше жағдайға тап болған отбасының балалары да назардан тыс қалмайды.
Жомарт Қарамбаев, ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары:
- Көмек ата-аналардың жеке есептшотына тікелей ақшалай түрде аударылады. Осы тәсіл балаларына қажетті мектеп формасы мен оқу-құралдарын өз қалауларынша сатып алуға мүмкіндік беріп, сапасыз тауар алу қауіпін азайтады.