Ауыл шаруашылығы санағы басталады

  • 82
  • 31.07.2025, 18:45

Елімізде ауыл шаруашылығы санағы бастау алады.

Науқанның  мақсаты – аграрлық саланың шынайы жағдайы туралы ақпарат алу. Сондай-ақ ауылдағы инфрақұрылымды дамыту мен мемлекеттік қолдау жүйесін жақсарту үшін нақты мәлімет жинау.

Санақ екі кезең бойынша өткізіледі. Алғашқысы онлайн режимде болады. Шаруаларға ыңғайлы болу үшін ауыл әкімдіктері мен аудандық бөлімдерде интернет желісіне қосылған алаңдар ұйымдастырылады. Ал екінші кезең 20-сыншы қыркүйек пен 20-сыншы қазан аралығын қамтиды. Бұл кезде елді мекендерді аралау көзделген. Бұл үшін үш мыңнан астам қызметкерді жұмылдыру жоспарлануда. Олар екі миллионнан астам үй-жай мен 300 мыңнан аса ауылшаруашылығы тауарын өндірушілерді аралайды.

Әсел Шәуенова, Ұлттық статистика бюросы басшысының орынбасары:

- Сауалнамаға қатысу үшін сізге eGov mobile қосымшасынан электронды қолтаңба, SMS немесе QR код арқылы сайтқа кіру қажет. Тіркеу коды сіз көрсеткен электрондық поштаға немесе телефон нөміріне жіберілетінін ескеріңіз. Бюро қызметкерлері телефонмен қоңырау соқпайды және ешқашан 4 таңбалы кодты сұрамайды. Веб-сайтта сауалнаманың екі нұсқасы орналастырылған. Біреуі ауылшаруашылық кәсіпорындарына, екіншісі бақша өсіретін немесе мал ұстайтын үй шаруашылықтары үшін.