Шығысқазақстандық кәсіпкерлерге жаңа Салық кодексіндегі негізгі ережелер мен жеңілдіктер түсіндірілді.
Мемлекеттік кірістер комитетінен барған жұмыс тобының өкілдері көшпелі семинарға қатысып, кәсіп иелерінің сұрақтарына жауап берді. Сарапшылар шағын және орта бизнес өкілдеріне салық есептілігі 20 пайызға қысқартылатынын айтты. Сонымен қатар бірыңғай жер салығы жойылып, жекелеген төлемдер бойынша мөлшерлемелер мен алымдар саны қысқарған. Енді мамандар шалғайдағы ауыл-аймақты да аралап шықпақ.
Гүлмира Смағұлова, ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті департамент басқармасының басшысы:
- Жаңа салық режіміне сай, өзін-өзі жұмыспен қамтушылар, яғни кәсіпкерлікпен айналысатын жеке тұлғалар жеке кәсіпкер ретінде тіркелмейді. Әрі олар әлеуметтік төлемдер бойынша міндеттемелерді төлегенмен, жеке табыс салығынан босатылады.
Айнара Мүлікова, кәсіпкер:
- Арнайы салық режимдерінің саны 7-ден 3-ке дейін қысқартылды. Бұл, ең алдымен, бухгалтердің жұмысын 2–3 есеге дейін жеңілдетеді. Бұған қоса, әр тоқсан сайын тапсыратын есептердің жылына бір рет қана тапсырылатын форматқа өзгеруі, ескертпе келетін мерзімдердің де қысқаруы – біз үшін ең маңызды жаңалықтар. Осы өзгерістер бізге өте ұнап отыр.