Астана іргесіндегі 11 ауылға газ құбыры тартылып жатыр. Аршалы мен Целиноград ауданынан бөлек, Қосшы қаласы да жоспарда бар. Биыл Ақмола облысы бойынша газдандыру жұмыстарына 15 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген. Жыл басынан бері 2 ауылдың 4 мыңға жуық тұрғыны көгілдір отынға қол жеткізді. Жалпы аймақтағы 19 ауыл табиғи газ желісіне қосылған. Онда 50 мыңнан астам тұрғын бар.
Жасқайрат Садықов, облыстық Энергетика және ТКШ басқармасының бөлім басшысы:
- Жыл соңына дейін Целиноград ауданына қарасты Аққайың, Қоянды, Алтынсарин, Талапкер, Қызылсуат, Қаражар ауылдарына және Қосшы қаласы мен Аршалы ауданының бірнеше елді мекеніне газ тартылады. Осылайша, 70 мыңнан астам адам көгілдір отынмен қамтылады. Ал «Сарыарқа» магистральді газ құбырын тартудың 2 және 3 кезеңі 2028 жылға жоспарланып отыр.