Алматылық зейнеткер көпқабатты тұрғын үйдің ауласын шағын баққа айналдырды

  • 9
  • 05.08.2025, 18:59

Алматылық зейнеткер Анна Гейслер өзі тұратын көпқабатты тұрғын үйдің ауласын шағын баққа айналдырды. Пластик ыдыс пен бөтелке қақпағын лақтырмай іске жаратқан. Қалдықтан жалғыз аяқ жол жасап қойған. Кешқұрым тұрғындар аулаға жиналып әңгіме-дүкен құрады. 

«Күйзелістен шығудың ең оңай жолы гүл өсіру. Мен қиындықтан осылай шықтым»,– дейді Анна Гейслер. Ол науқастанып қалған жолдасының күтімін жасап жүріп, ауланы жасыл желекке айналдыруға уақыт тапты. Осы үйде тұрып жатқанына 25 жылға жуықтаған. Бас кезінде аздаған гүл еккен. Кейін терезе түбіндегі кішкентей ғана жердің ертегідей баққа айналғанын өзі де аңғармай қалған.  

Анна Гейслер, қала тұрғыны:

-Менің пәтерім бірінші қабатта. Терезеден қарағанда жердің шаңы шығып жататын. Бір күні шығып гүл егіп қойсам қайтер екен деп ойладым. Қалай кірісіп кеткенімді өзім де білмей қалдым. Бәрі қолда бар дүниелер. Көршілерім, аула сыпырушысына дейін осы жерге қажет бірнәрсе көрсе маған алып келеді. Барлығын өз қолыммен жасадым. Шамды ғана сатып алдым. Әрине, таза еңбек. Топырақ ұстасам, гүлмен сөйлессем содан күш қуат алам. Биыл 72-ге келдім.

Зейнеткер Анна Гейслердің мамандығы - тігінші. Қолөнер бұйымдарын да жақсы жасайды. Кейде сол дүниелерін сатып, тыңайтқыш пен қажетті заттарын сатып  алады. Бірақ онысына мүлдем өкінбейді. Әдемілікті көргенде шаршағаны басылады. Мұны көрген соң басқа ауладағылар да жан-жағын ретке келтіре бастаған. Нұрзада Мұсаева ол кісімен 20 жылдан бері көрші. Екеуі дәл осы жерде әңгімелескенді ұнатады.
 
Нұрзада Мұсаева, қала тұрғыны:

-Еңбекқор, өте еңбекқор. Өзін былай қарап отырсаң, тазалықты күшті жақсы көреді. Адамның жағдайын терең түсінеді. Гүлге қалай қарайды, адамдарға да солай қарайды. Қонақтар келгенде риза. Мынандай көршілерің қандай мықты. Мынандай әдемі деп. Солай ризашылығын білдіріп қарап-қарап кетеді.

Анна Гейслердің бағы әр мезгілге сай түрленіп отырады. Ол қыста да қол қусырып отырмайды. Аулаға жарық шамдарын іліп, ертегі кейіпкерлерімен безендіреді. «Әркім айналасына қамқорлықпен қарап, өзгенің еңбегін құрметтеп, тазалықты насихттайтын болса, қала көркейе түседі»,-дейді зейнеткер.  

Қарлығаш Қайыпбекова, Радик Жакупов