Ақтаудағы форумда этномедиация институтын дамыту жолдары талқыланды

  • 10
  • 05.08.2025, 18:57

Соңғы жылдары елде этномедиатор 15 мыңдай даулы істі қарап, оң шешілуіне атсалысты. Ақтауда 120-дан астам этномедиатор республикалық форумда бас қосты. Өңірлерден жиналған мамандар тәжірибе алмасып, этномедиация институтын дамытуға қатысты ой-пікірін ортаға салды.  

Қазақстан халқы Ассамблеясының 34-сессиясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Министрліктер мен мүдделі мемлекеттік органдарға республикалық маңызы бар 3 қала және өңірлердің әкімдерімен бірлесе Қазақстан халқы Ассамблеясының этномедиация саласындағы жұмысына қолдау көрсетуді тапсырды. Сонымен бірге, Мемлекет басшысы «Елдесу және татуласу» жобасының ауқымын кеңейту қажеттілігін көтерді. Республикалық форум бұған дейін атқарылған іс-шараларға талдау жүргізіп, ендігі жұмысты күшейтуді көздейді. 

Жанаргүл Әлжанова, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі «Азаматтық қоғам істері» комитеті төрағасының орынбасары:

-Мәдениет және ақпарат министрлігі медиация саласына уәкілетті орган болып табылады. Бұл ретте біз өзіміздің жұмысымызды жүргіземіз, осы медиация саласында заңнаманы жетілдіруге қатысты ұлттық тізілім жүргізіледі. Өйткені медиаторлар ұйымдарының тізілімі жүргізіледі. Оларды оқыту, тағы басқа біліктілігін арттыру мәселелері пысықталады. Биылдан бастап мысалға, бізде уәкілетті орган жанында үйлестіру кеңесі ашылды. 

Жаңбырбай Матаев, ҚХА Өңірлік этномедиация кеңесінің төрағасы:

-Бұл енді тұңғыш жоба. Маңғыстауда өтіп жатыр этномедиаторлардың форумы. Мақсатымыз бір - медиацияның этносаралық ауызбіршілік, ел ішіндегі татулық. Облыстардан келген делегаттар қандай жетістіктерге жетті, солардың жұмыстары елге қандай нәтиже бергендігі туралы өзінің баяндамасын жасайды

Статистикалық деректерге үңілсек, Қазақстанда 2023 жылдан бері 15 мыңдай даулы іс этномедиатордың араласуымен оң шешімін тапты. Расын айту керек, қоғамда дау туындаған сәтте ұтымды сөз сөйлеп, тараптарды мәмілеге шақыру жоғары заңгерлік біліммен қатар асқан жауапкершілікті талап етеді. Жиынға қатысушылар кәсіби білікті арттырумен қатар этномедиация институтын дамыту жолында өңірлік тәжірибемен бөлісудің маңыздылығына тоқталды.

Таги Тагиев, этномедиатор:

-Республикалық маңыздағы шараның Қазақстан медиаторларының кәсіби мерекесі күні ұйымдастырылуы бізді қуантып отыр. Өзіңізге мәлім, бұл мамандық иесі этностар арасындағы тұрмыстық жанжал, басқа да дау-дамайдың алдын алуға тырысады. Осыған алып қосарым этномедиатор қазақстандықтардың санасында бірлік, патриотизм сияқты құндылықтарды қалыптастыруға да күш салады.   

Форум аясында «Үздік ысырапшылсыз мектепке дейінгі ұйым 2025» облыстық байқауы қорытындыланды. Сайыс Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай ұйымдастырылды. Бас жүлдеге Ақтау қаласының «Ақжайық» балабақшасы лайық деп танылды. ІІ орынды Жаңаөзендегі «Нұршуақ» бөбекжайы еншіледі. Байқау «Мәдениетті ана - мәдениетті ұлт» жобасы аясында қоғамды ысырапшылдықпен жүйелі күрес жүргізуге баулуға бағытталған. 

Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев