Қытай, Өзбекстан және Түркменстанмен шекарадағы көлік өткізу пункттері реконструкциядан өтуде. Бұл туралы Үкіметте Президент тапсырмаларының орындалу барысын талқылауға арналған жиында мәлім болды. 9 нысанның төртеуінде, атап айтсақ Қапланбек, Атамекен, Қалжат және Алакөл пункттерінде жұмыстар аяқталған. Тағы 5 өткізу бекетін жаңғырту жыл соңына дейін бітуі тиіс. Жаңғырту жұмыстары аясында алты жолақты кірме жолдар, электронды қадағалау жүйелерімен барлық қызметтер үшін бірыңғай инфрақұрылым жасалуда.
Премьер-министр Қырғызстанмен шекарадағы жөндеу мерзімдерінің кешіктірілуіне байланысты жауапты министрліктердің жұмысын сынға алды. Ол Қаржы министрлігі, Мемлекеттік кірістер комитеті мен Көлік министрлігінің Автомобиль жолдары комитетінің төрағаларын жауапкершілікке тартуды тапсырды. Енді өткізу пункттері толық жабдықталып, қолжетімді интернетпен қамтамасыз етіледі. Бірақ өткізу талаптары барынша қатаңдатылады.