Жетісу облысының Текелі қаласында газтурбиналық станция салынып жатыр. Жаңа нысан қаланы қосымша электр және жылу энергиясымен қамтамасыз етуді көздейді. Қазіргі таңда қалада алдағы жылыту маусымына дайындық ауқымды түрде жүргізілуде. Инженерлік инфрақұрылым жаңартылып, жылу желілерін жөндеу жұмыстары қолға алынды.
Текелідегі энергокешен өткен ғасырдың ортасында салынған. Ескірсе де, үзіліссіз жұмыс істеп, қаланы жылу және электр қуатымен қамтамасыз етіп тұр. Қазандықтар төрт жыл сайын жөндеуден өтеді. Қыста энергия шығыны ұлғаяды. Кәсіпорынның қуаттылығын арттыру мақсатында, биыл газтурбиналық станцияның құрылысы асталды.
Игорь Шацкий, Текелі энергокешенінің директоры:
-Бұл газтурбиналық станция резервтік әрі қосалқы энергия көзі ретінде қарастырылып отыр. Оның көмегімен қазіргі көміртозаңды бекетті жаңғырту үшін уақытша тоқтатуға мүмкіндік береді. Осы кезеңді пайдаланып, жөндеу жұмыстарын жүргізіп аламыз. Бұл болашақта станцияның тұрақты жұмыс істеуіне жол ашады.
Ескі жылу желілеріне артық салмақ түспеуі үшін Текелі қаласында үшінші жыл қатарынан жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Қазір қаладағы шағынаудандардың бірінде тозығы жеткен құбырлар ауыстырылып жатыр. Мамандардың айтуынша, бұл шаралар алдағы жылыту маусымын апатсыз өткізуге және жылу жүйесінің тиімділігін арттыруға бағытталған.Дмитрий Клоков, Текелі қаласының тұрғыны:
-Бұл құбырлар шамамен қырық жылдан бері ауыстырылмаған. Қазір қалада ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Құбырлар жаңартылып, алаңдар абаттандырылуда. Енді жолдар да жөнделсе, бәрі жақсы болады деп ойлаймын.
Иван Сафонов, мердігер компания өкілі:
-Алатау шағын ауданы бойынша құбырлардың жалпы ұзындығы 17 000 метрді құрайды. Қазіргі таңда соның 16 500 метрі жаңартылып, тек 500 метрі ғана қалды. Құрылыс-монтаждау жұмыстарын қазан айына дейін толық аяқтауды жоспарлап отырмыз.
Текелі қаласы бойынша жылу желілерінің жалпы ұзындығы 79 шақырым. Олар кезең-кезеңімен жаңартылады.Ерлан Жетібаев, Текелі қаласы әкімінің орынбасары:
- Келешекте жобалық-сметалық құжаттама Металлург шағынауданына дайындалды. Бүгінгі күні мемлекеттік сараптамадан өтуде, 20 км, 300 метр. Болашақта сол жұмыстар да жалғасын табады.
Бүгінгі таңда облыс бойынша жаңартылуы тиіс 16 шақырым жылу желісінің 11 шақырымы ауыстырылды. Сонымен қатар алдағы жылыту маусымын қиындықсыз өткізу үшін бюджеттік ұйымдарға 293 мың тонна көмір қажет болса, соның 290 мың тоннасы дайындалды.
Қарлығаш Қасиетова, Гүлнәр Жантасова, Жеңіс Әбдірешов, Айгүл Газизуллина