Бүгін қазақ елі Халық қаһарманы, ұшқыш-ғарышкер Талғат Мұсабаевпен қоштасты. Ғарышкердің жаназасы Алматыдағы Офицерлер үйінен шығарылды. Азалы жиынға марқұмның туыстары, мемлекет және қоғам қайраткерлері мен қала тұрғындары қатысты.
Талғат Аманкелдіұлы ғарышта үш рет болған қазақ. Ол әуелі бортинженер, кейін кеме командирі ретінде ұшты. Мұндай ғарышкерлер жер шарында санаулы ғана. Халық қаһарманы Талғат Мұсабаевпен қоштасуда Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин марқұмның жақындарына көңіл айтып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеделхатын оқыды. Көзін көрген, бірге жұмыс істеген әріптестері де қимастықпен қоштасты.
Тоқтар Әубәкіров, ғарышкер, ҚР Халық қаһарманы:
-Талғат Аманкелдіұлы шын мәнінде Халық қаһарманы болды. Істеген ісін әрдайым бітіргенше істейтін. Ғарышқа ұшамын деді. «Содан келгенде айтып еді қалай қиын екенін, бірінші ұшқанда. Бірақ тағы ұшамын, ұшамын»,– деді. Өз арманын орындады.
Талғат Мұсабаев орбитада жалпы саны 341 күн болды. Одан кейін отандық ғарыш саласының ғылыми-технологиялық тұрғыда дамуына үлес қосқан тұлға. Марқұм екі мәрте Сенат депутаты болып, қоғамдық-саяси салада да еңбек етті.
Сүйіндік Алдашев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
-Ол кісімен қызмет ету бір ғанибет болатын. Сенат қабырғасында қызметте жүргенде ол кісі өзінің білімділігімен, біліктілігімен, өз ісіне деген адалдығымен, ұлтжандылығымен әріптестеріне аға, ұстаз, серіктес бола білді.
Халық қаһарманы, ұшқыш-ғарышкер Талғат Мұсабаевтың денесі Алматыдағы Кеңсай зиратына жерленді. Ол 4 тамыз күні 75 жасқа қараған шағында бақилық болды.
Аршын Кемелжан