ШҚО-да тасқын қаупін сейілтуге бағытталған іс-шаралар басталды

  • 14
  • 07.08.2025, 18:41

Шығыс Қазақстанда алдағы көктемде тасқын қаупін сейілтуге бағытталған іс-шаралар басталды. Глубокое, Шемонайха, Катонқарағай сынды таулы аймақтарда өзен жағалары бекітіліп, арналар тазаланды. Ал облыс орталығы Өскеменде қарғын су басуы мүмкін ықшамаудандарда су бағытын бұратын арық салынып, жабдықталып жатыр. Әсіресе еріген қар суынан жылда зардап шегетін Ахмер ауылында жұмыс қауырт. Тұрғындар бұл істен қандай нәтиже күтіп отыр. 

Эльмира Ахметова, тілші:

- Ахмер ауылы тасқынның тура жолында тұр. Маңайдағы сай-саладан еріген қар осы тұрғын үйлердің арасымен өтеді. Қайбір жылдары көшелерді қарғын су басқан жағдай да тіркелген. Сондықтан мынадай су өткізу каналдарының маңызы айырықша.

Зейнеткер Мәлік Смайылдың баспанасы талай рет су ортасында қалды. Өйткені көктемде еріген қар суы еңісте тұрған елді мекенге лап қоятын. Жер кепкенше әбден әуреге түсетін қария қарғын су  үйдің іргетасын шіріте ме деп қауіптенетін.

Мәлік Смайыл, Ахмер ауылының тұрғыны:

- Мына көшелердің бәрі суға толатын еді, үйдің маңайы бәрі суға толатын еді. Мен өзім осында көшіп келгенде үйдің қасынан сондайды көрдім, үйімнің екі жағынан су ақты. 

Енді мұнда алғаш рет еріген қар суының бағытын Ертіске қарай бұратын канал салынып жатыр. Бұл арық ықшамауданның аумағын толық айналып өтеді. «500 метрлік арнаны қазу кезінде жер бедеріне ерекше назар аудардық», - дейді мамандар. 

Шәкерхан Әкежанов, «Таза Өскемен» коммуналдық мекемесінің  бас маманы:

- Лотоктардың бәрін салып, таяп қалдық, болып қалдық міне енді әрбір лотоктың трубамен қосылатын жерін цементтеп, бетондап жатырмыз. Судың өткізу мүмкіндігі 1,5 метр секундына су өтеді. 

Қала ішіндегі қауіпті учаскелерде тасқынға қарсы жұмыстар қара күзге дейін жалғасады. Шалғайдағы аймақтарда да қам күшейтілді. Мәселен, Глубокое, Алтай аудандарында ағысы қатты тау өзендері  көп. Қазірден сақтық жасалмаса, көктемде нағыз қауіп көзіне айналады. 

Аяулым Кекеева, ШҚО ТЖД басқармасының аға инженері:

- Бұл іс-шаралар өзеннің арналарын бекіту, түптерін тереңдету бойынша атқарылуда. Келесі жылғы су тасқыны мерзіміне дайындық ретінде жүргізілген болатын.

Жағаларды бекіту жұмыстары 26 учаскеде жүргізіледі. Жалпы осы маусымдағы тасқынға қарсы шараларға шамамен 500 миллион теңге жұмсалмақ.

Эльмира Ахметова, Дмитрий Пыхтин