Алты жыл бұрын басталған көпқабатты баспана құрылысы әлі аяқталмаған. Ақтөбеде ашынған үлескерлер әкімдік маңына жиналды. Облыс басшылығынан тұралап қалған құрылысты жалғастыруды талап етеді. Себебі бұған дейін тұрғындардың қыруар қаржысын жымқырған компания басшылығы сотталып, үйді әкімдік «салып береміз» деп уәде еткен болатын.
Мәрзия Үйсінәлиева құрылыс компаниясына 9 млн теңге берген. Жаңадан салынып жатқан баспанадан 3 бөлмелі пәтер алмақшы болып үлескер ретінде шарттасады. Алайда 5 жыл өткенімен қаражат та, үй де жоқ.
Мәрзия Үйсінәлиева, қала тұрғыны:
- 4-5 этажға дейін келіп тұрды. Бізді алып барды, көрсетті. «Күзде, 3-4 айдан кейін тапсырамыз», - деді. Ол кезде офисі бар, сертификаты бар. Бәрі заңды. Біз барлық документті тексердік. Ал одан кейін құрылыс тоқтап қалды.
Құрылыс компаниясы 2019-2022 жылдары облыс орталығында 6 көпқабатты үйді салуға кіріседі. Алайда біреуін де аяқтамай, мекеме басшылығына қатысты «Алаяқтық» бабы бойынша іс қозғалды. Мәселен, мына үйдің тұрған жері үлескерлерге де, құрылыс компаниясына да емес, үшінші тарапқа тиесілі болып шыққан.
Мәрзия Жексенғалиева, қала тұрғыны:
- 7 этаж салынып, 2 подъезд біткеннен кейін Вайткевич айтады: «Мен білмей қалдым мұны», - дейді. Біз енді жеріміз де жоқ, үйіміз де жоқ, міне, бес жыл басы қаңғып жүргеніміз. Квартирада қаңғып жүрміз.
Ал компания басшылығы болса сот үкімімен 300-ден астам үлескерді тақырға отырғызғаны үшін 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Тұралап қалған нысандардың құрылысын облыстық әкімдіктің бастамасымен ашылған комуналдық мекеме жалғастыруы тиіс болатын. Алайда қазір жерге қатысты мәселенің туындауы кедергі болып тұр.
Айдос Жоламанов, облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының бас маманы:
- Қылмыстық іс қозғалуына байланысты жер мәселесі шешілмей отыр. Қалай қылмыстық іс аяқталады, жер мәселесі шешіледі. «Ақтөбе құрылыс» компаниясына толықтай іс аяқталғаннан кейін аударылатын болады. Жұмыс оған дейін басталмайды. Үлескерлер енді соттың шешімін күтуге мәжбүр. Айта кету керек, қазір Ақтөбеде құрылысы тоқтап тұрған 12 көпқабатты үй бар. «Облыстық әкімдік өкілдері олардың жартысы жыл соңына дейін тапсырылуы тиіс», - дейді.
Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов