Құрылысшы күні қарсаңында сала үздіктеріне Мемлекет басшысынан тосынсый. Премьер-министр Олжас Бектенов Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан сала мамандары мен ардагерлерді құттықтап, мемлекеттік наградалар табыстады. Айта кету керек, биыл Жұмысшы мамандықтары жылы аясында Президент мемлекеттік наградалар жүйесіне алғаш рет «Қазақстанның еңбек сіңірген құрылысшысы» құрметті атағын енгізді. Себебі ұлттық экономикада құрылыс саласының орны орасан. Айталық оның үлесі ЖІӨ-нің 6% жеткен. Былтыр жалпы көлемі 19 млн шаршы метрден асатын 170 мыңнан астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Биыл жыл басынан бері 120-дан астам мектеп пен балабақша, 30 денсаулық сақтау нысаны салынған. Алты айда құрылыс тағы 18% өсіп отыр. Құрылыс процесстерін ілгерілету мақсатында цифрлық шешімдер енгізіліп, бюрократиялық кедергілерді жою, кадрлық әлеуетті арттыру т.б. бағыттарды қамтитын құрылыс кодексі әзірленді.
Мұратбек Байтелиев, құрылыс мекемесінің басшысы:
-Еңбегіміз бағаланып, сонша жыл құрылысты басқарып жұмыс істеп келе жатырмыз. Еліміздің гүлденуіне, өсіп өркендеуіне өз үлесімізді қостық деп есептейміз. Біздің Түркістан облысында құрылыс өте көп. Өткен жылдары жайлы мектептерді елге тапсырып бердік. Мынау барлық құрылысшыларды құрылысшылар күнімен құттықтаймын. Қазақстанымыз өркендеп өсе берсін.
Бүгін құрылыс саласының майталман мамандары мен еңбек сіңірген ардагерлеріне Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі де мемлекеттік марапат табыстады. 14 адам Парасат, Құрмет, және үшінші дәрежелі Еңбек даңқы ордендерін тағынса, екі адамға Ерен еңбегі үшін медалі, ал 15 адамға Құрметті құрылысшы салалық медалі табысталды. Қазақстандық құрылысшылардың қолымен Тәуелсіздік алған 91-ші жылдан бері елде 170 млн шаршы метр тұрғын үй салынып, 1,5 млннан астам адам баспаналы болған. Салтанатты жиында марапатқа ие болғандар арасында тас қалаушыдан бастап саладағы қоғамдық ұйымдар, мердігер компаниялар мен құрылыс кәсіпорындары да бар.
Мақсат Сәдуақас, құрылыс материалдарын өндіруші кәсіпорынның құрылтайшысы:
-Біз шатыр және қасбет өнімдерін шығарамыз. Зауытымыз осыдан екі жыл бұрын ашылған. Алты мың тонна аллюминий шығарады. Қасбет материал, фидроцементный материал дейміз ғой жаңағы, қасбетке қолданатын. Ол жылына 1,5 млн квадрат метр шығарады. Қазір көршілес мемлекеттерге шығып жатырмыз. Мына Өзбекстан, Қырғызстан. Әлемдік нарыққа ақырын, ақырын келе жатырмыз.