Құрылыс саласында ауыз толтырып айтарлық нәтиже көп. Кәсіби мерекеде ерекше атап өтетін көрсеткіш: биыл елімізде 19 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға беріледі. Бұл рекордтық көрсеткіш.
Құрылыс – отандық экономиканы алға сүйрейтін маңызды саланың бірі. Жол, жаңа үйлер, мектептер мен ауруханалар сынды әлеуметтік нысандар ел дамуындағы негізгі фактор. Тек тұрғын үйді алатын болсақ, биылдың өзінде 19,2 миллион шаршы метр баспананы тұрғындар игілігіне беру жоспарда. Нұрсұлтан Керемқұлов, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі құрылыс және ТКШ Істері комитеті төрағасының орынбасары:
-Бұл дегеніміз 170 мыңнан астам тұрғын үй. Егер де республикалық немесе бюджеттік қаражат есебінен салынатын пәтерлерді айта кететін болсақ, мысалы, жалға берілетін тұрғын үйді ағымдағы жылы кезекте тұрған азаматтарға оның ішінде, әлеуметтік осал топтарға, оның ішінде көпбалалы отбасыларға 16 мыңнан астам пәтерлерді пайдалануға беру жоспарланып отыр. «Отбасы банктің» тетіктері бойынша 10 мыңнан астам облигациялық қарыздар есебінен пәтер салу жоспарлап отыр.
Баспана демекші, соңғы алты жылда ел бойынша 97,9 млн шаршы метр тұрғын үй салынған. Былтыр 19,1 млн шаршы метр берілсе, тек биылғы алты айда бұл көрсеткіш 7,9 млн шаршы метрді құрап отыр. Бүгінде бұл салада 106 мыңдай адам еңбек етеді. Құрылыстағы жобалар заман талабы мен сұранысқа сай жиі өзгеріп отырады. Мәселен, Астанадағы мына мектептің өзіндік ерекшелігі бар. Бала санының көптігін ескеруден туған тың жоба.
Әсем Базарбаева, №117 орта мектебі директорының орынбасары:
-Мектептің ерекшелігі бұрынғы кездері 1200 балаға салушы еді ғой. Қазір 2 мың балаға үлкейіп салынып жатыр. Мысалы, акт залын бұрын 260 балаға салушы еді, қазір 420 балаға салынды, іс-шараларды өткізуге дегендей. Мысалы, спорт залын ертеңгі балаларға дене шынықтыру сабағын өткізгенде бір спорт залы болатын. Қазіргі таңда 2 спорт зал үлкен салынып жатыр. Қазіргі таңда 2 600 бала қабылданды.
Құрылыс саласы елорданың келбетін де айшықтап, дамуына үлес қосып келеді. Қаланың 2035 жылға дейінгі бас жоспарында шаһар аумағының кеңеюіне байланысты көптеген жаңа инфрақұрылымдық нысандар қамтылған. Ең бастысы тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру мен қолайлы орта жасауға басымдық берілген. Енді Астананың инвестициялық тартымдылығын арттыру мен көлік инфрақұрылымына байланысты бас жоспарға жобаға өзгеріс енгізілмек.
Гүлдана Әбіш, «Астана Бас жоспары» ҒЗЖИ» ЖШС қала құрылысын жоспарлау бөлімінің бас маманы:
-Мемлекеттік маңызы бар нысандар салынады. Мысалы, Қабылдау үйі, Республика сарайы, Конгресс холл және де Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Ішкі істер министрлігінің ғимараттары да салынып жатыр. Сол сияқты әртүрлі нысандар бізде салынатын болады. Оқушылар сарайы да салынып жатыр. Саланы қажетті мамандармен де қамту ісі де басты назарда. Алдағы оқу жылына 77 мың грант бөлінсе, оның 22 мыңы инженер, қайта өңдеу және құрылыс саласына бағытталған.
Әнуарбек Мырзатайұлы, Таир Мерекенов