Құрылысшы – мәртебелі мамандық

  • 17
  • 08.08.2025, 18:43

Ұлытаулық құрылысшы Аман Дауылбаев жарты ғасырға жуық еңбек жолында 150-ден астам ғимарат салуға атсалысқан. Оның басым бөлігі күрделі құрылыс саналатын стратегиялық нысандар. Жақында жетпіске толған ол әлі де сүйікті кәсібінен қол үзген жоқ. Жезқазғанда тұрғын үй салып жүр. 

Адамзат өркениетінің бастауында тұрған құрылысшы мамандығы қашан да құрметке лайық. «Әсіресе өткен ғасырдың 70-жылдары құрылысқа қызыққан жастар көп болды», дейді Аман Дауылбаев. Бала арманның жетегімен 20 жасында құрылысқа кірген ол зейнетке шықса да сүйікті кәсібінен қол үзбеген. 50 жылға жуық еңбек жолында Қазақстанның 8 қаласында 150-ден астам ғимараттың құрылысына қатысты. Оның тең жарымы зауыт, фабрика секілді стратегиялық нысандар. 

Аман Дауылбаев, Қазақстанның Құрметті құрылысшысы:

-Құрылысшы болу қиын. Өзінің қиындықтары да, жақсы жақтары да бар. Салған үйіңді ертең «Мен салдым» деп әңгіме айтуыңа, қуануға, айтуға тұрарлық сөздер айтуға болады. Құрылыстың қиындықтары да бар. Өйткені қыста да, басқа уақытта да кранмен жұмыс істеу. 

Қазір Аман Дауылбаев Жезқазғанның батысында бой көтерген шағын ауданда тұрғын үй құрылысына жетекшілік етеді. Ардагер құрылысшы: «Техника мен технология қанша дамыса да, құрылысшы үшін өзгермейтін бір ұстаным бар. Ол жауапкершілік», – дейді. Сондықтан таңнан кешке дейін нысан басынан табылып, жасалған әр жұмысты жеке өзі қабылдап алады. Оның бұл талабына әріптестері де әбден үйренген. 

Бақберген Бейсембаев, құрылысшы: 

-Аман Шабағановичпен біраз жылдан бері қызмет етеміз. Құрылыс саласында еңбегі сіңген, тәжірибелі маман болып саналады. Жезқазған қаласында, Ұлытау аумағында бірнеше обьектіні жүргізіп, бітірген. Ол кісіден алатын тәлім-тәрбие, бұл кісіден үйренетін жұмыстар көп. 

Аман Дауылбаевтың жарты ғасыр отасқан жары да құрылысшы. Зейнетке шыққанша қатар жүріп, еңбек еткен. Сондықтан болар жауапты қызметте жүрген жолдасын қас-қабағынан-ақ ұғып тұрады. Болашақта құрылысшылар әулетін қалыптастырсақ дейді. Отбасындағы 4 баланың үшеуі әке жолын таңдаған. 

Зағира Дауылбаева, А. Дауылбаевтың зайыбы:

-Екі баламыз құрылыста вахтовый методпен жұмыс істейді. Ал біреуі шахтаның құрылысында қазір осы жерде қолымыздағы баламыз. Енді атасының жолын қуып кішкентай немерелеріміз де құрылысшы болуы мүмкін ғой. Қазір технология дамып жатыр, ол балалар тіпті бәрінен де жетістікке жетуі мүмкін ғой.  

Бүгінде елдегі құрылыс саласы қарқынды дамып келеді. Тек былтырғы жылдың өзінде 19,1 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл рекордтық көрсеткіш. Ал Жезқазғанда алдағы 5 жылдың ішінде көпқабатты 88 үй соғу жоспарда. Аман Дауылбаев сол жұмыстардың бел ортасынан табылсам дейді. 

Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев, Гүлшахира Серекбаева