Жаңа Салық кодексінде әкімшілендіру тетіктері жеңілдеген. Мысалы, салық есептілігіне жататын нысандар 30%, жалпы салық саны 20% азайып отыр. Бірыңғай жер салығы жойылып, жекелеген төлемдер бойынша мөлшерлемелер мен алымдар саны кеміді. Жаңа норма бойынша өзін-өзі жұмыспен қамтушылар, бизнесін дөңгелетуші тұлғалар жеке кәсіпкер ретінде тіркелмейді. Әрі олар әлеуметтік төлемдер бойынша міндеттемелерді төлегенмен, жеке табыс салығынан босатылған. Құжатқа сәйкес, ұйымдарға жоспарлы тексерулер енді жүргізілмейді. Тек жоспардан тыс тексерулер қалады. «Адал жұмыс істеген тұлғаларға жаңа Салық кодексі ешқандай қиындық туғызбайды»,– дейді сала мамандары.
Айнұр Сартаева, Мемлекеттік кірістер комитеті ҚҚС әкімшілендіру басқармасы басшысының орынбасары:
-Заңды бекіткеннен кейін оны орындамасақ әрине тәртіп болмайды. Сол секілді Салық кодексі де біздің еліміздің бюджетін толықтыруға бағытталған, яғни еліміздің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған бірден-бір заң кодексі болып табылады. Сондықтан біраз жеңілдетілген нормалар да болды, кейбір жерде дұрыс емес салық жеңілдіктері алынып тасталды. Біз айта аламыз кейбір салық төлеушілерге қатысты салық ставкалары көбейтілді.