Түркістан облысындағы Шардара су қоймасында судың азаюына байланысты 32 мың тұрғыны бар Шардара қаласы 2 күн бойы ауызсусыз қалды. Айдындағы су деңгейі қаланы сумен қамтып отырған су соратын насостан да төмен түсіп кеткен. Бұл күндері қала халқы тасымал арқылы жеткізілген тіршілік нәрімен шөл басты. Билік ауызсу мәселесін қалай шешіп жатыр? Халық ауызсудан тарығып отырған жоқ па?
Шардара–Түркістан облысындағы ауызсуды ашық су айдынынан алатын жалғыз аудан. Бастауын Тянь-Шань тауларынан алатын Сырдария өзенінде биыл су аз. Шардара су қоймасының да түбі көріне бастады. Соның салдарынан тіршілік нәрін өңдеп, тұтас қаланы ауызсумен қамтып отырған станцияға суға жетпей қалды. Қала тіршілік нәрінсіз қалды. Шұғыл штаб құрылып, халықа ауызсу тасымал арқылы жеткізілді.
Анарбай Құршанов, Шардара ауданының тұрғыны:
-Су жоқ, тасып ішеміз. Колонка тоқтап қалған. Міне көлігімізбен тасып ішіп жатырмыз. Дарияның суы болмайды. Жердің астынан қазсақ ащы. Колонканың су ағып жатқан жоқ, аққаны мен ішуге жарамсыз, бақша суғаруға ғана жарайды.
Көпқабатты тұрғын үйлердің ауласына 2 тонналық 28 дана су жинау ыдысы орнатылып, су толтырылған. Оған 15 водовоз жұмылдырылыпты. Қазір қала тұрғындары қажетті суды осы ыдыстардан алып жатқанын айтады.
Клара Жатпаева, Шардара қаласының тұрғыны:
-Осы күнге дейін ауызсу тапшылығы болды. Ауызсуды бізге осы 2 тонналық резервуар арқылы әкеліп, үнемі құйып отырды. Водовоз келіп отырды. Соның арқасында судан тапшылық көрген жоқпыз.
Бейбіт Бақтыбаев, Шардара қаласының тұрғыны:
-Су бір 2-3 күн болмай қалды. Енді суды барынша үнемдеп жатырмыз. Ахуал су тапшы болып басталды, осы көпшіліктің арқасында сумен қамтамасыз етілді.
Шардара қаласында 85 көпқабатты тұрғын үй, 32 мың халық тұрады. Одан бөлек, оннан астам түрлі әлеуметтік нысандар жұмыс істейді. Қазір қаланың бас су торабын баламалы су көзімен толтыру үшін Шардара су қоймасынан диаметрі 200 мм полиэтилен құбырлар арқылы насоспен тіршілік нәрі жеткізіліп жатыр.
Зұлпыхар Жолдасов, облыс әкімінің бірінші орынбасары:
-Біз осы құбырмен суды қалаға апарып жатырмыз. Негізі қалада жеке секторды бәрін есептегенде 6 мыңға жуық абонент бар. Біз қазір тағы да бір двигатель қойып, тағы бір құбырды тартып жатырмыз. Сонда қаланы толық қамтамасыз ететін болады. Қазір көпқабатты үйлерге су толық барып жатыр.
Шардара қаласының барлық шағынаудандарына су беру қалпына келтірілді. Алдын алу және тұрғын үйлерге судың үздіксіз берілуін қамтамасыз ету мақсатында қосымша 28 су жинау резервуары орнатылды. «Сонымен қатар тәулік бойы 10 арнайы су тасымалдайтын көлік жұмыс істеп жатыр»,– дейді жауаптылар.
Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш