Ұзындығы жарты шақырымға жетпейтін көшедегі жөндеу жұмыстары ала жаздай бітер емес. Алматыдағы Алатау ауданынына қарасты Мәдениет ықшамауданында мердігер компания кәріз құбырларын төсеуді созбалаңға салып, аяқтамай келеді. Көше тар, топырақ тізеден. Бәрінен бұрын тұрғындар: «жедел жәрдем шақыра алмаймыз, қоқыс та уақытылы жиналмайды», - деп шағымданып отыр.
Көктем шығып, жер құрғай сала Алматыда көше қазу жұмыстары басталып, ала жаздай жалғасады. Мегаполиске лайықты инфрақұрылым қажет десек те, жоспарлы жұмыстар тұрғындарды мезі ететіні рас. Мәселен, Мәдениет ықшамауданындағы Талдыбұлақ көшесіне кәріз құбырларын тарту жұмыстары мамыр айында басталыпты. Мердігер компанияның мардымсыз әрекетінен әлі күнге дейін бітпеген.
Гүлжан Көленқызы, тілші:
- Талдыбұлақ көшесінің ұзындығы – 420 метр. Ұзаққа созылған жөндеу жұмыстарынан мезі болған тұрғындар: «көлікпен үйімізге жету мұң», - дейді. Көшенің тарлығынан терең шұңқырдың жанынан жаяу өту де қауіпті. Көшеге жедел жәрдем келе алмайды, қоқыс жинайтын техника да кіре алмайды.
Эльмар Исаев, қала тұрғыны:
- 9 мамырда басталған зат міне, 10-шы тамызда болып жатыр, әлі тағы 100 метр бар бітпеген. Қашан бітеді? Мектеп басталады, балалар ана жермен жүре алмайды ғой. Саз деген тізеге дейін.
Тұрғындар бір көшеге құбыр төсеу неге сонша ұзаққа созылғанын түсінбей дал. Әкімдік өкілдері де төбе көрсетпеген. Мердігер жолды қазып, бірнеше күнге тастап кеткен.
Ернар Рақышев, қала тұрғыны:
- Неге мынаны көміп кетпедіңдер деп сұрадық. «Ақша төленбеген, сол себептен көмбедік», - деді. Көміп кетіңдер, ақшаларың болғанда келесіңдер, жасайсыңдар десек, халық шуласын, сол кезде бізге компания ақша төлейді дейді. Үш-төрт күндеп тоқтап қалған күндер болған.
Құрылысқа жауапты компания өкілі мардымды жауап бере алмады.
Мақсат Байбосынов, мердігер компания өкілі:
- Мысалы, техника сынып қалуы мүмкін, +50 градус ыстық осы жылы қатты болып жатыр. Сол үшін де ақаулар болып жатыр.
Көшенің тарлығы да қолбайлау. Қазылған топырақ жүк көлігімен сыртқа шығарылып, көметін кезде оны қайта тасып әкелуде.
Абай Топарбай, Алатау ауданы әкімдігінің бөлім басшысы:
- Орталықтандырылған кәріз жүйелері 2024 жылы шілде айынан басталған. Жоба бойынша бізде 120 шақырымды құрайтын су және кәріз жүйелерінің құрылысы бар. 3500 адамды қамтиды. Қазір Рахат шағынауданында 23 бригада ұйымдастырылған. Барлық көшелерде жұмыстар атқарылып жатыр. Жоба бойынша жұмыс 60 пайызға аяқталды.
Айта кететін жайт, Мәдениет ықшамауданы бұрын Рахат деп аталған. Мұндағы кәріз құбырларын төсеу жұмыстары белгіленген мерзім бойынша желтоқсан айында аяқталады. Бұл жобаның құжатында да көрсетілген. Сондықтан тұрғындарға тағы төрт ай шыдауға тура келеді.
Гүлжан Көленқызы, Әбен Нарымбаев