Астанада Сарыарқа ауданындағы үйлерді су басты

  • 65
  • 13.08.2025, 19:46

Редакциямызға Астана қаласындағы Сарыарқа ауданының тұрғындары хабарласты. Олар өздері тұратын тұрғын үй кешенінің жылдар бойы шешілмей келе жатқан қат-қабат мәселелеріне шағымданды. Үйлерін мезгіл сайын су басып, жанынан салынған көпқабатты үй құрылысы көшеге шығар жолды қиындатқан. 

Дулатов көшесінде 2 жеке үй ғана қалған. Мұхамедәлі Мақұбасов пен Николай Глушко ол жерде жарты ғасырдан аса өмір сүріп келеді. Тұрғындардың айтуынша, ауданда жаңа ғимараттар салынғаннан кейін олардың тұрғын үйлерін үнемі су басып, ауласы батпаққа айналған. 

Николай Глушко, қала тұрғыны:

-2010 жылға дейін мұндай су басуды көрмедік. Су арық арқылы ағып кететін. Қазір түрлі құрылыс басталды да, арықты жауып тастады. Кәріз жұмыс істемейді. Мына жақтың бәрі жабық, көршімнің үйін су алып жатыр. Ал қарама-қарсы жақтағы менің үйімнің асты батпақ, су. Міне, маған әлі су келіп жатыр.  

Тұрғындар әкімдікке бірнеше рет жүгіндерін әрі ол істері нәтиже бермегенін айтады. Сол себепті әзірге мәселені өздері шешуге кіріскен.  

Николай Глушко, қала тұрғыны:

-Біз мына көше үшін үнемі күресіп келеміз. Әкімдік келіп кәрізді тазартып, кішкене болса да жақсы боп қалды. Бірақ кәріз толып қалады да, су қайта ағады. Сөйтіп су басудан толық айыға алмай отырмыз. Күн сайын керзі етік киіп жүрудің қандай екенін өзіңіз елестете беріңіз. 

Тұрғындардың айтуынша, үйлерін су алуға сол жерден екіқабатты ғимараттың салынуы басты себеп болып отыр. Құрылыс кезінде маңай батпаққа батып, Оғланды көшесін жауып тастаған. Ал бұл Дулатов көшесінің тұрғындары үшін өрт қауіпін туғызуда.

Мұхамедәлі Мақұбасов, қала тұрғыны:

-Мәселені шешеміз деп айтты, бірақ 2 ай болды, әлі бір қозғалыс жоқ. Мына толған қоқыс, учаскелік полиция жүрген, жұмыс істеу керек қой. Мынау кәсіпорын – коммуналды шаруашылық. Олардың мердігер ұйымы тазартқысы келеді, бірақ кіре алмайды, қоршау тұр. Бас жоспар бойынша ол жақ біздің жер. 2013 жылдан бері мәселеміз созбаққа салынып келеді. Көктемде су басады, тұрғындар шағымын айтып-ақ жүр, тыңдар құлақ жоқ.    

Ал әкімдік өз кезегінде жеке үйлердің тұрғындары бұған дейін оларға жүгінбегендерін мәлімдеді. Мәселенің мән-жайына үңілу үшін мамандар сол жерге жетті. Осылайша, үйлерді су басудың негізгі себебі суды ағызу нүктелерінің болмауы еккені анықталды.

Әділжан Сағындықов, Сарыарқа ауданы әкімі аппараты инфрақұрылым бөлімінің басшысы:

-Биылғы жылы үлкен жоба іске асады. Жол салады, Бейсеков көшесін кеңейтеді. Келесі жылы жауын суын ағызатын кәріз салынады. Сөйтіп, суды Дулатов көшесінен Бейсеков көшесіне қарай бағыттаймыз. Биыл Көлік басқармасы осы жобаны іске асыратын болса, мәселе түбегейлі шешіледі деп ойлаймын. 

Сонымен қатар әкімдікте Оғыланды көшесінің жабылуы расталды. Бұл жайтты да әкімдік назарға алмақ. 

Құралай Жұмахан, Қайрат Ақтөреев, Қали Несіпбаев