ШҚО-да жаңа құбыр істен шықты

  • 62
  • 13.08.2025, 18:45

Шығыс Қазақстан облысы Белоусовка ауылында 2 миллиард теңгеге салынған жаңа су құбыры әлі толыққанды жұмыс істемей тұр. 10 мыңға жуық тұрғыны бар ауыл күнара тіршілік нәрінсіз қалады. Сондықтан мұндағы жұрт үйдегі ыдыс-аяқтың бәріне су толтырып, қор жинауға әдеттеніп қалған. 

Әкімдік өкілдерінің айтуынша, сапасыз құбырдың кем-кетігін жөндеу үшін енді 388 миллион теңге қажет. Қазір соның 170 миллион теңгесі бөлініп, жұмыс жүре бастаған. 

Белоусовка - Глубокое ауданындағы ірі кенттердің бірі. Облыс орталығының іргесіндегі ауылда 10 мыңа жуық адам тұрады. Мұндағы жұрттың басты уайымы-ауызсу. Ауылға осыдан 8 жыл бұрын 120 шақырымға созылған жаңа құбыр тартылып, қолданысқа берілген еді. Алайда тұрғындар оның рахатын әлі көре алмай жүр. 

Виктор Леонтьев, Белоусовка кентінің тұрғыны:

-Екі миллиард теңгенің жұмысы істелді. Сол кездегі әкімдік пен құзырлы орын өкілдерінен құралған комиссия құбырды қабылдап алды. Бірақ үйлерді желіге қосар кезде оның кем-кетігі анықталды. Әр жерден ақау шығып, құбырдың көп бөлігі қолданысқа жарамай қалды. Міне содан бері ауызсу беру жүйесі тұрақсыз.

Вера Леонтьеваның үйінен бос ыдыс таппайсыз. Зейнеткер су сыздықтай бастаса болды, келесі күннің қамына кірісіп, қор жинап қояды. 

Вера Леонтьева, Белоусовка кентінің тұрғыны:

-Міне мына шелектен бастап, тегештердің бәрін толтырып алдым. Өйткені су біресе жақсы ақса, біресе сыздықтап тұрады, кейде мүлдем тоқтап қалады. 

Әсіресе биік жотада тұрған үйлерге тіршілік нәрі жетпей қалатын кез көп. Жаңа желіден су келіп жарытпаған соң, тұрғын үйлердің кейбірі әлі ескі желіден ажыратылмапты.

Мұндағы тұрғындар әр таңды суы бар ма екен, жоқ па екен деп алаңдап қарсы алады. Ауызсудың ауық ауық тоқтап қалуы әлеуметтік нысандарға да оңай тиіп тұрған жоқ. Ата-аналардың айтуынша, өткен оқу жылында судың жоқтығына байланысты кейбір мектептерде жалпы 40 күн сабақ болмаған.

Былтыр ғана сайланған кент әкімі де «өткеннен қалған мұндай мұраға» риза емес. Десе де, ақауы көп желіні жамап жасқап, бүтіндеуден басқа амал жоқ дейді ол. 

Анатолий Ташниченко, Белоусовка кентінің әкімі:

-Жаңа құбырдың ақауы көп. Кезіндегі комиссияның қалай қабылдап алғанынан бейхабармын. Енді осы су желісін толыққанды пайдалану үшін қосымша реттегіш арматуралар, тиектер, қысым көрсететін құралдар орнатылуы қажет. Бұл үшін сәуірде 70 миллион теңге бөлініп, жұмыс жүргізілді. Тамызда тағы 100 миллион теңге бөлінді.

«Барлық шаруаны аяқтау үшін әлі 220 миллион теңгедей қаражат қажет»,– дейді мамандар. Егер қаржыландыру реттелсе, үш айдан соң жаңа құбыр толық іске қосылып, ауызсумен жабдықтау мәселесі де біржола шешілмек.

Эльмира Ахметова, Дмитрий Пыхтин