Жапония Семейде полигоннан зардап шеккендерге 4 млрд теңге бөледі

  • 10
  • 14.08.2025, 18:34

Бұл қаражатқа Семей медицина университетінің госпиталіне заманауи диагностикалық және емдеу аппараттары сатып алынбақ. Жоба аясында жаңа медициналық құралдар орнатылып, күрделі ауруларды ерте анықтап, тиімді емдеу мүмкіндігі артады. Ең бастысы, полигон зардабын шеккен азаматтар сапалы медициналық қызметті тегін ала алады. Жалпы 1949–1991 жылдар аралығында Абыралы өңірінде 497 ядролық жарылыс жасалды. 

Абай өңірінде полигоннан нақты қанша адам зардап шеккені әлі күнге дейін белгісіз. Алайда өңір халқы радиацияның әсерін әлі күнге сезіп келеді. Кейбірі түрлі аурулар бойынша ем-шараларын Радиациялық медицина және экология ғылыми-зерттеу институтында қабылдап жүр. Солардың бірі Аягөзден келген Мұрат Кенжеғалиев. Енді олар үшін тегін медициналық көмек көрсетілетінін естіп, жаңалықты қуанышпен қабылдады.

Мұрат Кенжеғалиев, Аягөз ауданының тұрғыны:

- Бізге осындай қолдау беріліп, ақша беріліп жатса, ол көп-көрім бізге қолдау ғой. Бірінші байлық денсаулық қой. Деніміз сау, бауырымыз бүтін болып аман-есен жүре берейік. Система аламыз, укол аламыз. «Физио массаж» аламыз. Бәрі жақсы, бәрін қарайды әйтеуір. Бас кезінде келгенде кішкене ауырлап келемін. Бір жұмадан кейін сезіледі қалай әсер еткені.

Радиоактивті сәулелер өңірде онкологиялық, жүрек-қан тамырлары мен тұқым қуалайтын аурулардың жиілеуіне әкеп соқты. «Ал жаңадан ашылатын медициналық орталық жүрек-қан тамырлары жүйесі аурулары, соның ішінде инсульттің алдын алып, емдеуге бағытталған», - дейді орталық өкілдері. 

Алтай Дюсупов, Семей медицина университетінің ректоры:

- Бұл грант аясында магниттік-резонанстық томограф, компьютерлік томограф және басқа да 11 түрлі медициналық құрылғы орнатылады. Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және Сыртқы істер министрліктері деңгейінде келіссөздер жүргізілуде. Аталған медициналық техника университеттік госпиталь базасында инсульт орталығын ашу мақсатында пайдаланылады.

Бұл бастаманы өңірде «Комитет Полигон-21» қоғамдық бірлестігінің өкілдері де қолдап отыр. Айтуларынша, Жапон мемлекеті тарапынан жасалатын бұл қолдау зардап шеккен халыққа көрсетілетін медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Марат Құрманбай, «Комитет Полигон-21» қоғамдық бірлестігінің төрағасы:

- Ары қарай біз бірігіп қызмет жасаймыз деп ойлаймыз. Алға қойған мақсат – енді сол заңға өзгерістер енгізіп, халықтың әлеуметтік жағдайын, медицина жағдайын, экологиямызды дұрыстауға қызмет жасау. Болашақта осымен жұмыс істейміз.

Барлық қажетті техника құжаттар рәсімделіп, арнайы орталық ашылғаннан кейін сатып алынбақ. Медицина университетінің өкілдері бұл жұмысты 2026 жылдың соңына дейін аяқтаймыз деп жоспарлап отыр.

Айта кетейік, «Комитет Полигон-21» қоғамдық бірлестігі мен жергілікті билік өкілдері кешенді жұмыс жоспарын әзірлемек. Осы арқылы жарылыстың зардабын шеккендердің нақты санын анықтау көзделіп отыр.

Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов