Қызылорда облысында суармалы су тапшылығы сезіліп отыр

  • 11
  • 15.08.2025, 18:33

Қызылорда облысында суармалы су тапшылығы сезіліп отыр. Өңірде 324 су айдау құрылғысы арқылы егін алқаптары тіршілік нәрімен қамтылуда. Шаруашылықтар суды арнайы кезекпен алуға мәжбүр. Ала жаздайғы еңбекті еш кетірмеу үшін қандай шаралар қолға алынды?

Шіркейлі ауылындағы шаруашылық биыл 1680 гектер жерге күріш еккен. «Алайда су тапшы болып, дақылдың бір бөлігі кеш жетіліп жатыр»,– дейді диқандар. Мамандар қашыртқыдағы суды да қайта пайдалануға мәжбүр.

Ғалымжан Сәрсенәлиев, агроном:

-Кенже күріштер бар ғой. Суды әзір байлай алмаймыз. Әлі де су алып жатырмыз. Пісіп қалады деп отырмыз. Келіп қалады жобаға деп. Төрт бригада бар. Әр бригадада қазір 3-4 мотор бар. Сонымен су айдап, кейбір кішкентай моторлар бар. Беларусьтің атына жегіледі. Оны бірден атызға айдаймыз. Сөйтіп қазір толтырып жатырмыз. Осы кезде судан өте тапшылық бар.

«Өзен деңгейінің төмендеуінен өңірде суармалы су тапшылығы сезіліп отыр»,– дейді мамандар. Сондықтан шаруашылықтар 324 су айдау құрылғысын іске қосқан. Сонымен қатар егін алқаптары кезектесіп суарылуда.

Мұнан бөлек Төтенше жағдайлар министрлігінен де шаруашылықтарға көмек берілуде. Олар жылжымалы су айдау құрылғылары арқылы егіндікті тіршілік нәрімен қамтуға атсалысып жатыр.

Сейтқасым Әбуов, Арал-Сырдария бассейндік инспекциясы басшысының орынбасары:

-Қызылорда облысына 53 дана насос қондырғысын алып беру жөнінде келісімшарт жасалды. Қазір сол насостар біртіндеп келіп жатыр. Биыл егілген 80 мың 900 гектар күріштіктен 30 мыңға жуық гектарына су тарту жұмыстары жүргізілді. Қазіргі таңда Шардара су қоймасынан 150 текше метр су жіберсе, осы су тамыз айының 20-на дейін жалғастырады. Бұдан әрі қарай Шардара су қоймасынан келген судың көлеміне байланысты әзірленеді, жіберілетін су көлемі. 

Биыл облыс бойынша егінге 3,9 млрд текше метр су лимиті бөлінген. Қазір оның 3,3 текше метрі алынған. «Қалған бөлігін қамтамасыз ету үшін тиісті шаралар атқарылуда»,–дейді мамандар.

Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев, Айтмұхамбет Байділдаев