Петропавл қаласында нөсер жауыннан кейін көпқабатты үйдің шатырынан су ағып, пәтерлерді басып қалды. Жаңбырдың суы бірінші қабатқа дейін жеткен. Қазір зардап шеккен тұрғындар шығын көлемін есептеп, не істерін білмей дал. «Өйткені үйді басқаруға алған компаниядан қайыр жоқ»,– дейді олар.
Бұл үйдің тұрғындары жаңбыр жауса шелек ала жөнеледі. Өйткені ауа райы бұзылса, төбеден су сорғалап, еден-қабырғаларды дымқыл тартады. Руслан Аширов бұл пәтерді екі жыл бұрын сатып алған. Енді өкініп отыр. Өйткені тағы да шығынға батты.
Руслан Аширов, қала тұрғыны:
-Үйдің шатырын жөндеу керек. Ол бізге өте қымбатқа түседі. Оған тұрғындардың ақшасы жоқ. Су 3 бөлменің төбесінен ақты. Енді бұның бәрі қашан кебеді?!
1986 жылы салынған көпқабатты үйдің шатыры бірде-бір рет күрделі жөнделмеген. Тұрғындардың айтуынша, басқарушы компаниядан пайда жоқ. Ұйым өкілдері сұқбат беруден бас тартты. Ал әкімдік қызметкерлері: «Тараптардың жеке қарым-қатынасына араласа алмаймыз», – дейді.
Диана Жанғазина, қалалық тұрғын-үй инспекциясының бас маманы:
-Тұрғындарға мүлік иелері бірлестігі төрағасын тағайындауға кеңес береміз. Басқарушы компаниямен келісімшарт содан кейін ғана жасалады. Ал қазіргі құжаттары ресми түрде тіркелмеген. Сондықтан оларға сотқа жүгінген жөн.
Нөсер жауыннан 30 пәтер бүлінді. Қазір тұрғындар шығын көлемін анықтап жатыр. Ал синоптиктердің болжамы көңіл көншітпейді. Демалыс күндері тағы жаңбыр тұр.
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков