Түркістан облысында полицейлерден қорлық көрдім деген 50 жастағы шопан әділдік іздеп жүр. Айтуынша, оны осыдан 1 жыл бұрын «ешкі ұрладың» деген күдікпен тергеу бөлімшесінде әбден азаптаған. Нартай Хожанов денсаулығына зиян келтіргендердің қамауға алынбай жүргеніне наразы.
Нартай Хожанов өзін азаптаған полицейлердің жүзін әлі ұмыта қойған жоқ. Оқиғаны көз жасына ерік беріп еске түсірді. Айтуынша, олар жоғалған сегіз ешкі үшін айыптап, аяусыз соққыға жыққан.
Нартай Хожанов, жәбірленуші:
- Жәрменов Нұрлан келіп, мені анандай жерге лақтырып жіберді. Жыныстық мүшемнен бұрап, ұрып-соғып, отырғызып, тұрғызды. Осы жерден аман шығып кетемін десең, мойныңызға алыңыз деді. Мен алмаған ешкіні алдым деп сол жерде жазып бердім.
Нартай Хожановтың айтуынша, осыдан кейін оның балалы болу мүмкіндігі азайған. Өйткені дәрігерлер жыныс мүшесіне ауыр зиян келгенін растап, анықтама берген. Алайда бұл уәж сот-медициналық сараптамасында дәлелін таппады. Қорытындыға күмәнмен қараған жәбірленуші қосымша комиссиялық тексеру жүргізуді сұрап отыр.
Арман Дәуленбаев, жәбірленушінің заңды өкілі:
- Бізге Шымкент қаласы қайтадан денсаулығы жақсы деп беретін сияқты болып тұр. Сол себепті басқа қалаға тағайындауды сұрап отырмыз. Астана, Алматы, Тараз сияқты үлкен қалаларға берсе ол жақта әділ өтеді деген сенімдемін.
Бұған дейін сараптама қорытындысына сәйкес қылмыстық іс тоқтатылған. Енді тергеу амалдары қайта басталды. Облыстық полиция департаментінің өкілдері сауалымызға қысқа қайырып, жазбаша ғана жауап берді.
Қазіргі уақытта тергеу қайта басталып, оның нәтижесі бойынша процессуалдық шешім қабылданатын болады. Тергеу процестің барлық қатысушыларының құқықтарын қамтамасыз ете отырып, заң талаптарына сәйкес қатаң түрде жүргізіледі. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесіндегі өзге де ақпараттар жария етілмейді.
Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі
Жәбірленуші тарап қылмыстық істің «адам ұрлау» және «азаптау» баптары бойынша да қаралуын сұрайды.
Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов