Ақмола облысында биыл жаңа оқу жылы қарасаңында бес мектеп ашылады. Оның екеуі Көкшетау қаласында, қалғаны шалғай ауылдарда орналасқан. Бұдан бөлек, 34 білім ошағына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазір үшеуінің құрылысы аяқталды. Ал қалғаны жаңа оқу жылына дейін пайдалануға беріледі. Білім нысандары уақытылы тапсырыла ма?
Абзал Азаматұлы, тілші:
- Бұланды ауданының орталығында орналасқан мына мектептің іргетасы 1955 жылы қаланған. 70 жыл ішінде білім ошағына бірде-бір рет күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмепті. Биыл облыстық қазынадан 600 млн теңге бөлініп, мектеп толығымен жаңартылып жатыр.
Мектепті жөндеу маусым айында басталды. Жоба екі жылға жоспарланғанымен, мердігер бар күшін салып, биылғы оқу жылында тапсыруды көздеп отыр.
Еркін Закирянов, мердігер:
- Демонтаж жасадық. Одан кейін шатырды ауыстырдық. Фасадты істедік. Ішкі жұмыстарды стяжка, линолеум, есік, жылу желілерін бәрін бұзып, түгел жаңадан істедік. Жобаға жоқ нәрселерді істеп жатырмыз. Міне, брусчатка істеп жатырмыз. Енді бірінші қырқүйекке тырысып жатырмыз.
Мектеп 360 оқушыға арналған. Алайда екі аусыммен 620 бала оқып жүр.
Айгүл Айтжанова, Макинск қаласының тұрғыны:
- Өте қуанып жатырмыз. Көптен күткен ремонт. Бір жиырма жылдай күттік осыны. Енді биыл міне, бастаған соң өте қатты қуандық. Өйткені жөндеу керек болды. Бәрі ескі болды.
Өңірде 520 мектеп бар. Соның 100-ге жуығы ескіріп, жөндеуді қажет етеді. Жауаптылар реновация бағдарламасы аясында мектептерді кезең-кезеңімен қалыпқа келтіру көздейді.
Әділет Сембі, облыстық білім басқармасының баспасөз хатшысы:
- 3 жылдың ішінде 90 мектепті кешенді түрде күрделі жөндеу жұмыстарынан өткізу. Яғни 2025 жылы бізде 20 мектеп, 2026 жылы 29 мектеп, 2027 жылы 41 мектеп болып табылады.
Биыл облыста 34 мектеп күрделі, 43 ағымдағы жөндеуден өтеді. Бұл мақсатта республикалық және облыстық бюджеттен 8 млрд-тан астам теңге бөлінді. Сондай-ақ биыл бала саны аз 10 ауыл мектебі жабылды.
Абзал Азаматұлы, Виктор Полянный