Түркістан облысында оңалту орталығы салынды

  • 21
  • 18.08.2025, 18:36

Түркістан облысы, Сауран ауданының Ораңғай ауылында ерекше қажеттілігі бар балаларды оңалту орталығы салынды. 3 жыл бұрын облыстық мәслихат депутаттары мүгедектігі бар жеткіншектерге әлеуметтік қызмет көрсету мәселесін көтеріп, бюджеттен 3,2 млрд теңге бөлінген еді. Маңызды жоба «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасына енгізіліп, құрылыс барысын депутаттар қадағалап отыр.

Мәжіліс депутаты Ерлан Әбдиев өңірге сапары кезінде Ораңғайға соғып, құрылысты көрді. Аумағы 9 мың шаршы метр болатын орталық 50 балаға арналған. Ғимаратта жатын бөлмелер, жеке және топтық оңалту сабағына  арналған кабинеттер, емдік денешынықтыру залы, психолог, психиатр, невролог, логопед кабинеттері, физиотерапия блогы болады. Әлеуметтік мекеме қыркүйек айында пайдалануға беріледі. Жалпы облыста жуық мүгедектігі бар 100 мыңға жуық адам болса, оның 15 пайызы балалар. 

Ерлан Әбдиев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Бізде көп мектептердің ғимараты ескі болғандықтан оларда лифті де болмауы мүмкін. Мектептің өзі бейімделмеген. Мысалы, пандусы болсын, парталары болсын. Сондықтан да осындай мектептер, орталықтар өте қажет. Мен жұмысымен таныстым. Парталары да қоршаған ортаға толық бейімделген. Оңалту шараларын өткізетін құрылғылары өте жаңа. Осындай орталықтардың бар болуының өзі де – біздің партияның алға қойған мақсаты.