35 жыл жөндеу көрмеген балабақша: ата-аналар алаңдаулы

  • 27
  • 18.08.2025, 18:35

Атырау облысының Индербор кентіндегі Балдәурен балабақшасының тәрбиешілері мен бөбектердің ата-аналары алаңдаулы. Өйткені 1990 жылы салынған ғимарат бүгінге дейін жөндеу көрмеген. 320 орындық балабақшаны күрделі жөндеуден өткізу де оңайға соқпай отыр. 

Көпбалалы ана Ақсана Сансызбаева екі бөбегін осы балабақшаға әкеледі. Ал ғимарат 35 жылдан бері жөндеу көрмеген. Әр келгенінде алаң көңілмен қайтады. Балаларының жайлы жерде тәрбиеленгенін қалайтын жүзге жуық ата-ана: «Балабақша тезірек жөнделсе», - дейді.

Ақсана Сансызбаева, Индербор кентінің тұрғыны:

- Ата-ана ретінде ата-ананың тілегі – балаларымызды жақсы, көркем, әдемі жерде ойнап, өскенін қалаймыз ғой енді. Өздеріңіз көріп тұрғандай, қазіргі таңда ғимараттың жағдайы күрделі жөндеуді талап етіп отыр. Алдағы уақытта ата-аналардың тілегі, осы балабақшаның күрделі жөндеуден өтіп, заман талабына сай болып, ашық, жарқын, әдемі ғимарат болса екен деп тілейді.

Балдәурен балабақшасында қазір 14 топ бар. Мұндағы тәрбиешілер де өз өмірі үшін алаңдаулы. 

Наталья Самарцева, тәрбиеші:

- Дереу жөндеу жұмыстарын жүргізу керек. Балалардың қауіпсіздігі маңызды. Жаңбыр жауып, мына төбе опырылып түсе ме деген қорқыныш бар. Өзіміз де алаңдаймыз.

Ғимарат іші жазда ыстық, қыста қара суық. Нысан әбден ескірген. Төбесі сөгіліп, қабырғасы қақырап тұр. Тозығы жеткен инженерлік желілер де балалардың жайлы жерде тәрбиеленуіне кедергі. «Жаңбыр жауса, жағдай қиын», - дейді балабақша меңгерушісі.

Жанар Нұрманова, Балдәурен балабақшасының меңгерушісі:

- Қыста бізге өте салқын болады. Мына батареялар жылу беріп тұрғанымен, жылу қазандығы беріп тұрғанымен, мына терезелердің жылылықты ұстамайтындығынан сырттың өте қатты ызғарынды мына жерде балаларға өте қиын болып отыр. Балаларымыз жерде ойнайды, көріп отырғандарыңыздай. Салқын өтіп тұр балаларымызға. Жаңбыр жауған мезгілдерде төбелерден су кетіп отыр.

«Балабақшаны күрделі жөндеуден өткізу де оңай емес», - дейді жауаптылар. 2023 жылы жобалық-сметалық құжаттама жасалғанымен, мемлекеттік сараптамадан өтпеген. Өйткені мұндағы 14 топ үшін балабақшаның жер көлемі тар болып шықты. Әрі балалардың ойын алаңдарында кәріз құдықтары орналасқан. Ол тіпті қауіпті. Сондықтан жер телімін кеңейтіп, мемлекеттік сараптамаға қайта жіберу керек.

Артур Мурзин, Индер ауданы әкімінің орынбасары:

- Балдәуреннің өзінің белгіленген жер көлемі ол талапқа сәйкес келмей отыр. Яғни аздық етіп отыр. Біздер қазіргі таңда Балдәуреннің жанындағы жасыл желек белдеуі бар. Ол Индербор кентінің әкімдігінің теңгеріміндегі жер. Сондықтан қазіргі таңда сол қанша көлемде жер көлемі қажет екені анықталды. Қазіргі таңда жер бөлу процесстері жүріп жатыр.

Жауаптылардың сөзінше, қазан айына дейін мемлекеттік сараптаманың қорытындысы алынады. Кейін облыстық әкімдіктен қажетті қаражат сұралады. Әзірге балалар осы бөбекжайға баруға мәжбүр. Жалпы өңірде балабақша төңірегіндегі мәселе күрделі. Өйткені жуырда Еркінқала ауылындағы 698 млн теңгеге салынған балабақша жарамсыз боп шықты. Сондай-ақ Индер ауданында 2016 жылы бой көтерген «Айналайын» бөбекжайы да қазір күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Ал сол жылы Жылыой ауданында пайдалануға берілген «Балдәурен» балабақшасын бұзу туралы шешім шығарылған.

Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин