Елде теміржол желісінің тозу деңгейі 57% жеткен. Бұл пойыздардың жылдамдығы мен қауіпсіздігіне әсер етпей қоймайды. Үкімет отырысында көлік министрі Нұрлан Сауранбаев осылай деді. Министрдің сөзінше, құзырлы ведомство 2029 жылға дейін теміржолдың 5 мың шақырымын жаңғыртуды көздеп отыр. Бұл аралықта пойыз вагондары да толық жаңартылмақ.
Үкімет басшысы теміржол вокзалдарын реконструкциялауды жеделдетуді тапсырды. Министрлік жыл соңына дейін 100 вокзалды жаңартпақ.
Ауқымды жоспар мұнымен шектелмей, вагондар мен теміржол желісін де толық қамтиды. Мәселен, алдағы 4 жылда 456 локомотив сатып алу жоспарда бар. Ал 2030 жылға дейін жолаушы тасымалдайтын вагондар толыққанды жаңартылады.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
-2028 жылы жолаушылар вагондарының паркі 3 мың бірліктен асады, бұл тозығы жеткен вагондарға қатысты проблеманы шешуге мүмкіндік береді. Алайда жеке тасымалдаушылар өз вагондарын жаңартуда қиындықтарға тап болуда. Осы мақсатта көлік министрлігі жеке тасымалдаушыларды қолдау шараларын жүзеге асыруы тиіс. Бұл жалпы жолаушылар және жүк тасымалының сапасына оң әсер етеді.
Бүгінде Қазақстанда 300-ден астам теміржол операторы жұмыс істейді. Олардың қол астында 142 мың жүк вагоны бар.
Нұрлан Сауранбаев, ҚР Көлік министрі:
- 2029 жылға дейін операторлар тарапынан 7 мыңнан астам жаңа вагондар сатып алынады. Бұл жүк тасымалының өсіп келе жатқан әлеуетін сақтап, дамытуға мүмкіндік береді.
Ескірген теміржол желісін де жөндеп, жаңғырту жоспарланған. Ірі жобалардың бірі атанған Достық–Мойынты мен Алматы айналма теміржолы учаскесін тапсыратын күн алыс емес. Құрылыс жұмыстары биыл мерзімінен бұрын аяқталмақ. Ал «Дарбаза–Мақтаарал», «Мойынты–Қызылжар», «Бақты–Аягөз» учаскелерінде құрылыс жалғасады. Бүгінде ел бойынша 11 мың шақырым теміржол магистралі жөнделіп жатыр. Бұл жұмыстар 3 жылда аяқталуы тиіс.
Дана Әлиева, Дархан Кунтуов