Астанада қазақ-өзбек ғылыми-шығармашыл зиялыларының алғашқы форумы өтті. Іс-шара Өзбекстан Олий Мәжілісі Сенатының Төрағасы Танзила Нарбаеваның Қазақстанға ресми сапары аясында ұйымдастырылды. Форум барысында мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтуға, халықтық дипломатияны дамытуға және дәстүр сабақтастығын сақтауға қатысты маңызды мәселелер талқыланды. Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев екі ел зиялыларының алғашқы форумы Мемлекет басшысының тапсырмасымен өткізіліп жатқанын айтты. Өз кезегінде Танзила Нарбаева форум идеяларын қолдап, оның өзекті екенін және мәдени-гуманитарлық байланыстарды кеңейтуге зор ықпал ететінін ерекше атап өтті. Кездесуде жазушылар, ғылым академиясының мүшелері, депутаттар, сарапшылар сөз сөйлеп, қазақ-өзбек ынтымақтастығын одан әрі нығайтуға арналған жобаларды іске асыру жөнінде өз ойларын ортаға салды.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
-Соңғы жылдарда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев пен Өзбекстан Президенті Шавкат Миромонович Мирзиеевтің басшылығымен қазақ-өзбек қарым-қатынасы бұрын-соңды болмаған жоғары деңгейге көтерілді. Бұл ретте мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастық басым бағыттардың бірі екенін атап өткен жөн. Шын мәнінде, мәдениет, өнер, білім дегеніміз ешқандай саясат салқыны бұза алмайтын мызғымас көпірлер. Олар қашанда ортақ тарихқа, өзара құрметке және құндылықтарға табан тірейді. Ғылыми және шығармашыл ортаның бүгінгі кездесуі алдағы уақытта тың идеялармен, маңызды ойлармен және жаңа жоспарлармен алмасатын дәстүрлі алаңға айналады деп сенеміз.