Алматы облысында 21 жаңа медицина мекемесі ашылады

  • 13
  • 19.08.2025, 18:43

Алматы облысында жыл аяқталғанша 21 жаңа медицина мекемесі пайдалануға беріледі. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жалпы құны 3,5 млрд теңге болатын, 38 медицина ғимаратының құрылысы бекітілген еді. Бүгінге дейін 17 нысан қолданысқа берілді. Сонымен қатар биыл жергілікті бюджет қаржысы есебінен 7 медициналық мекеменің құрылысы басталды. Жамбыл ауданында емхана, ал Райымбек, Қарасай, Енбекшіқазақ аудандарында дәрігерлік амбулатория салынуда. Ұлттық жобаның мақсаты – шалғай ауыл тұрғындарының медициналық қызметке қолжетімділігін арттыру. Жаңа нысандардың барлығы диагностикалық кабинеттермен, заманға сай құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіледі. 

Майра Есбаева, фельдшер:

-Бұл жерде медицинада адам жанына қажетті, керек болған жағдайда барлық жағдай жасалған. Бұрын ол да жоқ болатын. Электрокардиограмма, алғашқы көмек көрсету аппараттары, одан кейін буын ауруларына бар ғой түрлі ем, ол кабинетіміз де келді міне. Ең қажетті дегендері ойластырылған.

Қали Өтелбайұлы, Саурық батыр ауылының тұрғыны:

-Ол кезде қиын жағдай болды ғой шынын айтқанда, кішкентай ғана, екі-ақ комната. Төбесінен су ағып тұрды. Қанша рет біз айттық. Мынау соның нәтижесі. Мінекей, жаңадан медпункт салып беріп жатыр. Барлығымыз қуаныштымыз!