Алматыда үй жанындағы дүкендерге салынатын салық мөлшері қалалық мәслихатта қаралуы мүмкін. Бұл туралы шағын дүкен иелерімен кездесуде Мәжіліс депутаты Айтуар Қошмамбетов айтты. Қазір азық-түлік сататын шағын кәсіпкерлер 3% салық төлейді. Келесі жылы жаңа кодекс күшіне енген соң, жеңілдетілген декларация негізінде мөлшерлеме 4% болады. «Бұл тауар құнын қымбаттатып, жұмыс орындарының қысқаруына әкелуі мүмкін»,– дейді депутат. Дегенмен Салық кодексінде жеңілдетілген салық мөлшерлемесін қажет жағдайда 2% дейін көтеруге немесе 2% азайтуға болады. Тиісті шешімді мәслихат қабылдайды. Депутат Айтуар Қошмамбетов осы норманы басшылыққа ала отырып, Алматы әкімдігіне сауал жолдапты. Егер қалалық мәслихат мақұлдаса, Алматыдағы 5 мыңнан аса азық-түлік дүкендері келесі жылдан бастап, 2% жеңілдетілген салық төлейді.
Айтуар Қошмамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
-Біз Алматы қаласының әкімімен кездесіп бұл ұсынысты жазбаша түрде де, депутаттық сауал ретінде де айттық. Енді бірінші сатыда әкім қолдап жатыр. Бірақ оны санауы қажет, нақты цифрлар әлі нақтыланбаған. Өйткені оны салық органдары қанша ақша жоғалтатынымызды немесе қанша стимулдық салық түсетінін санау қажет. Бұл жалпы нарыққа қалай әсер етеді және кез келген тауардың бағасына қалай әсер еретінін бұны нақтылап алуымыз қажет.