Жыл соңына дейін көлік салмағын өлшейтін 220 станция салынады

  • 279
  • 20.08.2025, 18:33

Елімізде жыл соңына дейін көлік салмағын автоматты түрде өлшейтін 220 станция ісек қосылады. Бұл туралы көлік министрлігі хабарлады. Мақсат жүкті артығымен тиеп тасымалдайтын жүргізушілермен күрес және жолды күтіп ұстау. Бұған дейін осындай 59 құрылғы пайдалануға берілген. Олардың 30-ы республикалық, 29-ы жергілікті маңыздағы жолдар бойында орналасқан. Ақылды жүйе жүгі межеден асып кеткен көліктерге қатысты 3 мыңнан астам хаттама толтырыпты. Енді осы тәжірибені бүкіл өңірде қолдану жоспарлануда. Айта кетейік қазір Қазақстанда 450 мыңнан астам жүк көлігі тіркелген.

Ләззат Стамғазиева, ҚР Көлік министрлігінің ресми өкілі:

-Жолды салып қана қоймай, күтіп ұстау мәселесі де ерекше назарда ғой. Сондықтан автоматтандырылған өлшеу станцияларын енгізіп жатырмыз. Олар көбінесе айналма жолдарда қолданылады. Мысалы Астананың өзінде 7 кіреберіс, шығаберіс, басты жол бар. Олар көліктердің жүктемесін есептеуге мүмкіндік береді. Автоматты түрде жұмыс жасайды. 

Автомобиль жолдарын дамыту да ерекше назарда. Биыл 13 мың шақырым жолда құрылыс және жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Оның 4 мыңы жергілікті жолдар. Республикалық маңыздағы ірі жобалар ол Қалбатау – Майқапшағай, Ақтөбе – Ұлғайсын, Қарағанды – Жезқазған учаскелері. Сондай-ақ Сарыағаш, Рудный, Шымкент қалаларының айналма жолдары салынуда. Жалпы биыл 7 мың шақырым жол пайдалануға беріледі.