Қостанай облысының Тобыл кентінде өндірістік-логистикалық кешеннің құрылысы басталды. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін маңызы зор жобаның құны 10 миллиард тенгеден астам. Кешен аумағында астық, көкөніс, майлы дақылдарды сақтап, өңдейтін нысандар салынады. Сондай-ақ халықаралық денгейдегі көлік-логистикалық хаб ашылады.
Өндірістік-логистикалық кешеннің Тобыл кентінде салынуы тегін емес. Жан-жақтан тоғысатын ірі темір жол желісі, республикалық маңыздағы автокөлік дәлізі бар мекен логистикалық орталыққа сұранып-ақ тұр. Осыған дейін қурай басып, бос жатқан 100 гектар аумақ, енді бір-екі жылда өндіріс, көлік тасымал алаңына айналмақ.
Шыңғыс Балтабаев, учаске басшысы:
-Май зауыты, металлоконструкция шығаратын зауыт болады. Сосын коромовая мука шығаратын зауыт болады. Сақтайтын қоймалар болады. Сосын екі линияда контейнерлер болады. Енді логистический центр болады. Бір линияда только 800 контейнер сиятын болады. Темірдің бір жолында, бізде екі жол болады.
Жоба бойынша мұндағы өсімдік майын өңдейтін зауыт жылына 219 мың тонна өнім шығарады. 370 мың тоннаға жуық ұн өндіріледі. Одан бөлек 60 мың тонна мал азығы сүрлем дайындайтын паркі болады. Осының бәрі шикізатты сақтап, оны терең өңдеу ісін кеңейте түсуге мүмкіндік береді.
Азатхан Шоқпатов, Бейімбет Майлин ауданы ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:
-Май зауытын айтатын болсақ, бұл жерде әрине жаңағы шемішке мәдениеті көптеп өсірілетін болады. Бұның барлығы экспортқа шығарылады. Соған байланысты жергілікті шаруа қожалықтарына, өз өнімдерін сатуға, экспортқа шығаруға үлкен көмек болады.
Тоғыз жол торабындағы Тобыл станциясынан Ақтау теңіз портына да, Қытайға да шығуға болады. Сондықтан бұл кешеннің логистикалық әлеуеті зор.
Альберт Рау, ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары:
-Бұл жерде барлығы кешенді түрде шешіледі. Біріншіден ауыл шаруашылығы өнімдері терең өңделеді. Дайын өнімді сыртқа сату мүмкіндігі артады. Қытайдың өзі ғана жылына 7 миллиард долларға өсімдік майын алады. Біз үшін бұл ауқымды нарық.
Жеті мың халқы бар Тобыл кенті үшін бұл жобаның әлеуметтік маңыы зор.
Азамат Бердалинов, Тобыл кентінің әкімі:
-Бір ауысымда кешенге 60 адам кіреді десек, шамамен 300-400 адам осы жерде екі қолға бір күрек табады деп ойлаймын. Күзет жүйесі, жүкті артып, түсіретіндер, есеп жүргізетіндер сияқты қаншама қосымша жұмыс орындары ашылады. Осындай логистикалық орталық салынып жатқандығын естіп, көшіп келуге ниет етіп отырғандар бар.
Өндірістік-логистикалық кешен құрылысы бір ай бұрын ғана басталды. Бекітілген жоспар бойынша 2027 жылдың аяғына таман толық іске қосылуы тиіс.
Мағауия Қалиев, Ермек Мұхамедияров