Батыс Қазақстан облысында жергілікті атқарушы билік апатты үйлерге назар аудара бастады. Бір ғана Сырым ауданында 147 үй тұруға жарамсыз деп танылған. Ал Жымпиты ауылында кең ауқымды құрылыс қарқын алды. Жаңа баспанаға тұрғындар осы жылдың күз айларында қоныстанады.
Жанат Сүйеуованың отбасы 70 жыл бұрын іргесі қаланған ескі үйде тұрып жатыр. Былтыр көктемде қатты дауыл үйдің төбесін ұшырып әкеткен. Ал су тасқыны кезінде қабырғалары жарылып кетіпті. Үй апатты деп танылған.
Жанат Сүйеуова, Жымпиты ауылының тұрғыны:
-Елу алтыншы жылы салынған. Бұл деген самантастан, фундаменті жоқ. Төбесі деген, былтыр қатты дауыл болғанда төбеміз ұшып кетті. Шиферлар, қоршау түгел ұшып кетті. Әкім келді. Оралдан келді, су тасқыны кезінде үйімізге су кірді. Ауданда қазір үй салынып жатыр. Үш этажды үйлер салынып басталып жатыр. Сол үйден берер деген үміттемін енді.
Жымпитыдағы ауқымды құрылыс мамыр айында басталды. Мұнда қазір 108 пәтерлі үйлер салынып жатыр. Жергілікті билік екі көпқабатты үйді осы жылдың аяғына дейін тапсыруды көздеп отыр.
Артур Ысқақов, аудандық сәулет және қала құрылысы бөлімінің жетекшісі:
- Енді мына үшқабатты тұрғын үй құрылыстары бойынша жаңағы 36 пәтерлі, оның ішінде жаңағы 3 бөлмелі 12 пәтер, сосын 24-і екі бөлмелі пәтерлер. Жыл соңына дейін жаңағы 76 жанұяны тұрғын үймен қамтитын боламыз. Бұларда жалпы 2 мың 420 шаршы метр, бір тұрғын үйдің ауданы. Жалпы аудан бойынша бізде кезекте 524 адам бар, оның ішінде жаңағы жалғыз үйі апаты деп танылған 147 отбасы.
Тұрғын үй қорын жаңғырту ісі өңірдің барлық аймақтарын қамтиды. Әсіресе мемлекеттің қолдауына мұқтаж елді мекен тұрғындарына ерекше көңіл бөлінеді. Былтыр 14 миллиард теңгеге 110 ауылда 805 баспана сатып алынған.
Парасат Жұмағалиев, БҚО құрылыс басқармасы басшысының орынбасары:
-Батыс Қазақстан облысында 2025 жылы тұрғын үй құрылысына және пәтерлерді сатып алуға 19,2 миллиард теңге қарастырылған. Оның мемлекеттік бағалы қағаздар есебінен 13 миллиард, республикалық бюджеттен 2,8 миллиард қалғаны, 3,4 миллиард жергілікті бюджеттен қарастырылды. Ағымдағы жылы жергілікті атқарушы органдардың кезегінде тұрған азаматтар үшін 7 көпқабатты тұрғын үй ол 1040 пәтер және аудандық жерлерде 14 тұрғын үйдің құрылысы қарастырылған.
Бұдан бөлек әлеуметтік осал топтар үшін облыс орталығы мен аудандарда 555 пәтер сатып алу жоспарланып отыр. Облыс бойынша пәтер кезегінде тұрғандардың жалпы саны 20 мыңнан асады.
Қарлығаш Қасиетова, Альбина Құмарғалиева, Болат Жарылғасов, Эльдар Айыпов