Алматыда сыртқы жарықтандыру жүйесі жаңартылып жатыр. Жыл басынан бері 22 мың шам қалпына келтіріліп, 230 шақырым электр желісі ауыстырылған. Бұған қоса мыңнан аса жаңа баған орнатылған. «Алматы Қала Жарық» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны жыл соңына дейін қала көшелерін толықтай жарықпен қамтамасыз етпек.
Алматы көшелері түнде жарқырай түсті. Өйткені тұрғындардың көше жарығына қатысты шағымы өткен жылмен салыстырғанда 2,5 есе азайған. Бұл «Алматы Қала Жарық» мекемесі мамандарының еңбек нәтижесі. Бүгінде шаһардың біраз көшесінде желілер жаңартылып, ескі шамдар қызу ауыстырылып жатыр. Солардың бірі Абай алаңы.
Уәлихан Әлімов, мердігер мекеме өкілі:
-Бүгінге дейін 12 тірек орнаттық, қазірдің өзінде жарық беріп тұр. Қосымша тағы 50 шам орнатуды жоспарлап отырмыз. Бұрын мұнда 100 ваттық LED шамдар болған, біз оларды қуаты көбірек 120 ваттық шамдарға ауыстырып жатырмыз. Сапасы жақсы әрі көп жарық береді. Саябақтар мен скверлердегі ескі шамдардың орнына заманауи LED шамдар қойылыпты. Бұрын қараңғы аумақтарға жаңа бағандар орнатылған. Сейфуллин даңғылының Түрксіб ауданындағы бөлігіне 500 баған қойылды. Соның арқасында көлік жолы ғана емес, тротуар да жарықтандырылды. Түнде қала көшелері жарық болса, тұрғындар да алаңсыз жүреді.
Нұржан Әлсейітов, «Алматы Қала Жарық» МКК маманы:
-Алматы қаласы бойынша осындай жаңа үлгідегі тіректер мен жаңа үлгідегі жарық шамдарын орнатуда. Бұл жарық шамдардың артықшылықтары бұл тіректердің ұзындықтарында. Ұзындығы 4 метр жолдың ортасына дейін шығып жарық береді. Бұл жұмыс барысы басталғалы бір айдай уақыт мөлшері болды. Енді осы айдың аяғына дейін бітіреміз деген жоспардамыз.
Шығыс айналма жолдың бойындағы 800 шам жаңартылып, жарық қуаты 150-ден 200 ватқа дейін артты. Қалалық әкімдік өкілдерінің айтуынша, шаһардағы қараңғы көшелер мәселесі жыл соңына дейін толық шешіледі.
Аршын Кемелжан, Әбен Нарымбаев