Алматыда дағдарыс орталығы жұмысын бастады

  • 30
  • 20.08.2025, 18:43

Алматыда студенттерге уақытша пана болатын дағдарыс орталығы жұмысын бастады. Қалада білім іздеген жастардың қарасы жыл сайын көбейіп келеді. Оқуға түстік деп қуана бергенде, кейбірі жатақхана іздеп сабылады. Дағдарыс орталығының мақсаты – өзге облыстардан келген жастар орын тауып жайғасқанша көмектесу. Орталық Масаншы көшесі, 88-ші үйде орналасқан. Мұнда жастар жедел желі арқылы қоңырау шалып, кез келген уақытта бара алады. Барлығы тегін.  

Меруерт Жармағамбетова, университет ректоры:   

-Қазіргі таңда біздің әр өңірден студенттер оқуға келе жатыр. 55 орын дайындадық. Студенттер кешке, таңертең келіп орналасуына болады. Сондықтан барлық жағдайлар қарастырылған.  

Елде жатақхана мәселесінің де түйіні біртіндеп тарқап келеді. Бұрын баспанаға зәру студент саны 80 мыңға жетсе, қазір ол көрсеткіш 10 мыңға дейін азайған. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Алматы тұрғындарымен кездесуде айтты. Дегенмен ең үлкен салмақ әлі де Алматыға түсіп отыр. Министр алдағы уақытта мұнда 4 мың орындық жаңа жатақхана салынатынын жеткізді.

Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:   

-Жалпы соңғы 5 жылдың ішінде 271 жатақхана іске қосылды. Биылғы жылдың тапшылығын қалай жауып отырмыз? Біріншіден алматылық университеттер хостелдермен, жекеменшік қонақүйлермен жасаған келісімшарттардың арқасында. Жаңадан келе жатқан Алматыға студенттерімізге біріншіден, өз университетіңіздің ахуалдық орталығына хабарласыңыз.