Жолдау: 63 қазандық жөнделді

  • 129
  • 21.08.2025, 18:33

Елдегі жылу электр орталықтарының 61 пайызының тозығы жеткен. Үкімет өңірлердің жылыту маусымына дайындығы туралы есеп берді.

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің мәліметінше, 9 жылу электр орталығы қызылдан сары деңгейге өтті. Дегенмен әлі 10 өңір тәуекел аймағында тұр. Жағдай қашан реттеледі? Жылыту маусымына дайындық қалай? 

Күзге бірер күн қалды. Сондықтан алдағы жылыту маусымына дайындық қызу. Бүгінде 10 энергоблок, 63 қазандық пен 39 турбинаны күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Ерлан Ақкенженов, ҚР Энергетика министрі:

- Биыл тағы 622 МВ енгізілмек. Ал келесі жылы 2700 МВт қосылады. Бұл міндетті орындау үшін жаңа нысандар іске қосылуда. Түркістан облысында 1 мың МВт болатын электр станциясы салынып жатса, Қызылордада 240 МВт жаңа электр орталығының құрылысы жалғасуда.

Энергетикалық инфрақұрылымның тозуы да біртіндеп азайып келеді. Мәселен, биыл көрсеткіш 3 пайызға төмендеген. Ал қауіпті аймақта болған 19 жылу электр орталығының 9-ы сары аймаққа, үшеуі  жасыл деңгейге өтті.

Сұлтан Асылханов, ҚР ЭМ Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитеті басқармасының басшысы:

- Апатты жағдайда болған Екібастұз, Риддер сияқты бірқатар жылу электр орталықтары сары деңгейге өтті. Жалпы елде 37 орталық бар десек, оның 10-ы қазір қызыл, 17-сі сары, ал 10-ы жасыл аймақта. Жаңғырту мен жөндеу жұмыстары әрі қарай да жалғасады.

Жылу желілері де жөнделіп жатыр. Жоспарланған 323 шақырым құбырдың 215 шақырымы жаңартылды. Сонымен қатар жылыту маусымына жеткілікті отын қоры да дайын тұр.

Асхат Жақұпов, ҚР ЭМ Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитеті басқармасының басшысы:

- Бүгінгі күні энергетика кәсіпорындарының қоймаларында 4 млн көмір қоры жинақталған және 140 мың мазут көлемі бар. Ол жылыту маусымының басталуына жеткілікті. Негізгі жабдықтар барлық станцияларға жылыту мауысымын бастау үшін дайын.

Осылайша Энергетика министрлігі алдағы жылыту маусымын ешбір іркіліссіз өткізу үшін барлық қажетті іс-шаралар атқарылып жатқанын айтты.

Дана Әлиева, Самат Оспанов