Қызылордада салынып жатқан жылу электр орталығының бірінші газтурбиналық қондырғысын қыркүйек айында іске қосу жоспарланып отыр. Бүгінде құрылыс жұмыстарының 75 пайызы аяқталған. Мұнан бөлек, Қызылорда қаласында 8,7 шақырым магистральды жылу құбыры жаңартылуда.
Қызылорда қаласындағы жаңа жылу электр орталығы шетелдік инвестиция есебінен салынып жатыр. Жоба құны – 215 миллиард теңге. Мамандардың айтуынша, нысан құрылысы кестеге сай жүргізілуде. Орталық сағатына 277 гигакалория жылу мен 240 МВт электр энергиясын өндіреді. Нысан іске қосылса, өңірдегі электр жүктемесі тұрақтанып, еліміздің энергетикалық қауіпсіздігіне оң әсер етеді.
Бақыт Жаханов, облыс әкімінің орынбасары:
- Бірінші газтурбиналық қондырғысын қыркүйек айында біз іске қосып, жалпы жылу беру маусымында қалаға жылу беруді жоспарлап отырмыз. Негізі жоба толықтай 2026 жылдың сәуір айында іске қосылып, толық қуатына шығатын болады.
Мұнан бөлек, Қызылорда қаласында 8,7 шақырым магитральды жылу құбыры жаңартылып жатыр. Сонымен қатар 4 шақырымға жуық кварталаралық жылу желілері ауыстырылуда. Кәсіпорындар мен тұрғындарға қатты қажет, сұйық отын қоры да дайын.
Арнұр Нұрмағанбетов, қала әкімінің орынбасары:
- Негізгі кәсіпорындардың тұтынатын отыны газ болып табылады. Бұдан бөлек, қосымша мазуттың қоры жеткілікті. Жылу электр орталығында 3 мың 300 тоннадан астам мазут қоры бар. Оңтүстік жылу қазандығында 859 тоннадан астам мазуттың қоры жеткілікті. Ешқандай мәселе болмайды. Тиісті жұмыстар мерзімінде аяқталады.
Облыс орталығында жылу желілерінің 42,3 пайызы тозған. Мамандардың айтуынша, жаңғырту жұмыстарынан кейін бұл көрсеткіш 40 пайызға дейін төмендейді.
Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Ақан Әлиев