Павлодарда өзен-көлдерді дронмен бақылау басталды

  • 84
  • 21.08.2025, 18:38

Павлодар облысының құтқару қызметі енді өзен-көлдерді әуеден бақылап қана қоймай, демалушыларға қауіпсіздік ережелерін қашықтан ескерте алады. Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті дауыс зорайтқышпен жабдықталған ұшқышсыз ұшу аппаратын сатып алды. Құны 13 миллион теңге тұратын бұл заманауи құрылғыны алдағы уақытта туристік аймақтарға да алу жоспарланып отыр. Құрылғының көмегімен құтқарушылар ересектердің қарауынсыз жүрген кәмелетке толмағандарды да оңай анықтап, қажетті жағдайда көмекке дереу келе алады.

Жыл басынан бері өміріне қауіп төнген 121 адамға көмек көрсетіліпті. Оның 19-ы су айдындарынан құтқарылған. Дегенмен адам шығыны да тіркелді. Шомылу маусымы басталғалы бері 7 адам суға кеткен, олардың екеуі – бала. Былтырғы жылға қарағанда көрсеткіш сәл де болса төмендеген.

Рустамбек Амрин, облыстық ТЖД бастығы:

- Ұшқышсыз ұшу құрылғысы бізге оқыс оқиға болған жерге жедел жетуге мүмкіндік береді. Судағы беймәлім затты қашықтан анықтай аламыз. Ол қиын жағдайға душар болған адам болуы да мүмкін. Осы дронның арқасында жедел әрекет ету тобына дереу хабарлама түседі.