Ғалымдар: «Сыр сұлуы» күрішін жаппай өндіріске енгізу қажет

  • 18
  • 22.08.2025, 18:47

Қызылорда облысында шетелдік күріш сорттарының кейбірі өсімдік ауруына шалдығып жатыр. Диқандар егін алқабын бірнеше мәрте арнайы препараттармен өңдеуге мәжбүр. Оның үстіне суармалы су тапшылығы да дақылдың шығымына әсер етіп отыр. Дегенмен түйіткілдің түйінін тарқатудың бір жолын ғалымдар ұсынды. «Олар ерте пісетін отандық Сыр сұлуы күрішін жаппай өндіріске енгізу қажет»,– дейді.  

Орынбасар Төлепов басқаратын шаруашылық биыл 3 мың 100 гектар жерге күріш еккен. Оның басым бөлігі шетелдік сорт. Бірақ соңғы жылдары Ресейден жеткізілген күріш тұқымы өсімдік ауруына шалдығып отыр. Ала жаздағы еңбек еш кетпеу үшін алқапқа арнайы препараттарды бірнеше қайтара себуге мәжбүр.
 
Орынбасар Төлепов, шаруа қожалығының төрағасы:

-Жылда шамалы жер ауырып, сепсең қоятын еді, тоқтайтын еді. Қазір тоқтамай жатыр. 10 күн өтеді ме, 10 күннен кейін қайтадан себуің керек. Тағы да сондай шығындар болып жатыр. Оның үстіне судың тапшылығы бар. Бәрі әсер етіп жатыр. 

Өңірге трансшекаралық Сырдария өзенімен келетін су көлемі алдағы уақытта да азая беруі мүмкін. Сондықтан ерте пісіп-жетілетін, жергілікті климатқа бейімделген күріш сорттарын егу керек. «Бұл талапқа толық сай келетін «Сыр сұлуы» сорты»,– дейді ғалымдар. Бұл күріш түрін бес жыл бұрын Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми зерттеу институты шығарған. Қазір тұқымы көбейтіліп жатыр.  

Отандық Сыр сұлуы күріші тәжірибелік алқаптың 240 гектарына егілген. Мамандар әр гектардан шамамен 50 центнерден өнім жинауды жоспарлап отыр. Ал келесі жылдан бастап шаруашылықтарға тұқымы таратылатын болады. 

Серікбай Өмірзақов, техника ғылымдарының докторы, профессор:

-Бұның негізгі ерекшелігі – вегетациялық кезеңнің 105, 110 күнде толық пісіп шығатын мүмкіншілігі. Әрине, агротехнологиялық шараларды дұрыс сақтағанда, уақытылы сеуіп, өзінің нормативінде жұмыс жасаса, күріш 55-65 центнерден өнім түзей алады. Демек, рекордтық өнім емес, осы су тапшылығы жағдайында біздің жергілікті топырақ, климаттық су мәселелеріне бейімделген сорт екендігінің көрінісі. 

Ғалымдар тауарлық сапасы жоғары жаңа сорт су тапшылығы жағдайында диқандардың тұрақты өнім алуына ықпал ететініне сенімді. 

Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Ақан Әлиев