Түркістан облысында ауызсу құбыры тартылып жатыр

  • 18
  • 22.08.2025, 18:49

Түркістан облысының Сарыағаш ауданында халықты 24 сағат тіршілік нәрімен қамту мақсатында Р-1 каналынан магистральды ауызсу құбыры тартылып жатыр. Себебі ауданда ауызсу мәселесі әлі де өзекті. Су тұтыну мөлшері көбейгендіктен жаз айларында халыққа ауызсу уақытпен беріледі.

Жаңа жоба қашан аяқталады? Ол кезде аудан тұрғындары орталықтандырылған ауызсу жүйесімен толық қамтамасыз етіледі ме?

Сарыағаш қаласы Телемұнара мөлтек ауданының тұрғыны Жүсіп Бексейітов маусым айынан бастап, су тапшы болатынын айтады. «Күніне 3 сағат су береді, сол кезде құдығымызды толтырып аламыз»,– дейді. 

Жүсіп Бексейітов, Сарыағаш қаласының тұрғыны:

-Жазда бақша суғарамыз, көгалды. Мынаның бәрін суғармасақ қуарап кетеді ғой, су береміз. Сол 2-3 күнге жетеді. Керек кезде қайтадан толтырып қоямыз. 

Телемұнара мөлтек ауданында 1400 абонент бар. Оларды аудан әкімдігіне қарасты коммуналдық мекеме тіршілік нәрімен қамтамасыз етеді. Мамандар жаз мезгілінде су тұтыну мөлшері көбейгендіктен су тапшы болатынын айтады. 

Серік Қарақұлов, аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы:

-Бір мөлтек ауданды төрт сектарға бөлгенбіз. Кезекпен беріп отырамыз. Күндігіне биік жерде орналасқан тұрғын үйлерге 2-3 сағат, төменде орналасқандарға жер қыртысына байланысты 4-5 сағат уақытпен беріледі. Бірақ күнделікті беріліп отыр. Қыркүйек айынан бастап су тапшылығы орын алмайды. Барлығы қалыпты жағдайға түседі. 

Су тапшылығы жаз айларында Сарыағаш қаласынан бөлек, ауылдарда да кездеседі. Мәселен, ауданда 14 ауылдық округке қарасты 63 елдімекен бар. Оның 52-сі орталықтандырылған ауызсу жүйесімен қамтылған. Оларға да су уақытпен беріледі. Аудан халқын 24 сағат ауызсумен толық қамту үшін республикалық бюжеттен 6 млрд 850 млн теңге қаржы бөлінді. Оған Р-1 каналынан ұзындығы 35 шақырым болатын ауызсу құбырының құрылысы жүріп жатыр. 

Сейсенбай Ырысов, учаске басшысы:

-Магистралды су құбырын тартып жатырмыз, құбырдың диаметрі 630 мм. Қазіргі уақытта 35 шақырының 33,5 шақырымында құбырын көміп, дайындап қойдық. Енді 1,5 шақырымы қалды. Өзіміздің жобамыз бойынша қазан айының соңына бітіреміз деген жоспарымыз бар. 

Ауқымды жоба 3 кезеңнен тұрады. Қазір бірінші кезеңі аяқталуға жақын. Соның нәтижесінде жыл соңына қарай Сарыағаш қаласы мен 20-дан астам елдімекендерге таза ауызсу беріледі деп жоспарлануда.  

Мұрат Байқабылов, аудан әкімінің орынбасары:

-Кестемен ішіп отырғандар 24 сағат су ішеді деп толық айта аламыз. Әр елдімекеннің басынан мынадай су жинау қоймаларын салып, сол арқылы суды беріп отырамыз. Судың көзі Өзбекстан Республикасынан келіп жатқан каналдан аламыз. Таудың суы тәтті, ешқандай тұщы емес. ЦЭС-тің талаптарына сәйкес, толығымен ішуге жарамды деп берілген қорытынды. 

Екінші кезең келер жылы іске асады. Онда 6 мың текше метрлік станциядан 9 мың текше метрлік су жинау қоймасына қарай құбыр тартылмақ. Ал үшінші кезеңде осы су қоймасынан Келес ауданына қарай су құбыры жүргізіледі. «Егер республикалық бюджеттен жоспарланған қаржы уақытында бөлінсе, 2027 жылы Сарыағаш ауданы ғана емес, Келес ауданы да 24 сағат таза ауызсумен қамтылады»,– дейді жауаптылар. 

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш