Конституция Брайль қарпінде жарық көрді

  • 38
  • 25.08.2025, 18:42

Қазақстан Республикасының Конституциясына биыл 30 жыл. Атаулы датаға орай ерекше қажеттіліктері бар азаматтар үшін маңызды қадам жасалды. Елдің негізгі заңы Брайль қарпімен басылып, кітапханаларға тапсырылды.

Камалиден Оспанов 18 жылдан астам еңбек өтілі бар кітапханашы. Ол қызмет ететін «Қамқорлық» бөлімінде мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсетіледі. Бұл бөлім азаматқа жат емес. Себебі 17 жасында өзінің де көру қабілеті күрт нашарлап, мүгедектік алған. Жанарына артық салмақ түсірмеу үшін Брайль қарпін меңгеруге тура келіпті. Бүгінде ол білгенімен бөлісіп, зағип жандардың ақпаратқа қол жеткізуіне көмектеседі. 

Камалиден Оспанов, кітапханашы:

- Бұл өзгелерді өтінбей, өз бетінше оқығысы келетін адамдар үшін тамаша мүмкіндік деп есептеймін. Біздің кітапханада әрбір азаматқа қажетті деңгейде қолдау көрсетіледі. Алайда көпшілік өзінің құқықтарын толық білмей жатады. Ал енді сол білімді баршаға қолжетімді ету үшін кітапханамызға Брайль қарпінде басылған Конституция жеткізілді. 

Жаңа басылым – зағип және нашар көретін азаматтардың құқықтық ақпаратқа қол жеткізуін қамтамасыз ету мақсатында қолға алынған бастама. Конституция қалың, бедерлі парақтарға арнайы құрылғымен басылған. Барлық халықаралық стандарттарға сай келеді. Бұл – құқықтық сауаттылықты арттырумен қатар, инклюзивті қоғам құруға бағытталған нақты қадам.

Нұрбала Тігісбаева, ҚР Ұлттық кітапханасының Оқырмандарға қызмет көрсету және тіркеу бөлімінің жетекшісі:

- Бүкіл азаматтардың құқықтарны бірдей болу керек. Осы басылым арқылы біздің оқырмандар Конституцияны өзі оқып, заңдық сауаттылығын көтереді деп ойлаймыз. Негізі бұл басылым 55 мемлекеттік кітапханаларға, мектептерге, басқа да мекемелерге таратылды.

30 жылдық мерейтой — тек мерекелік дата емес. Бұл — Конституцияның өміршеңдігін, әрбір азамат үшін маңызды екенін дәлелдейтін кезең. Ал енді Ата Заңды ерекше қажеттіліктері бар жандар да еркін оқи алады.

Дана Әлиева, Дархан Кунтуов