Абай облысында балық шаруашылығына сұраныс артып келеді

  • 38
  • 25.08.2025, 18:37

Абай облысында балық шаруашылығына бет бұрғандардың қатары көбейіп келеді. Қазіргі таңда өңірде 17 балық шаруашылығы жұмыс істеп тұр. Солардың бірі Үржар ауданы Шолпан ауылының тұрғыны 16 гектар жерге су қоймасын дайындап, балық өсіру ісін қолға алған. Бүгінде су қоймаларында ақ амур мен тұқы балықтары өсірілуде.

Рүстем Қайратұлы, тілші:

- Бұл жасанды көлде қазір 30 мыңға жуық ақ амур және тұқы балығы жүр. Дәл қазір мен оларға дәнді-дақыл беріп отырмын. Мінекей, осындай ыдыстармен күніне 100 келіге жуық қарақұмық, бидай және жүгері себіледі.

Шолпан ауылындағы шаруа қожалығы балық шаруашылығын 2021 жылдан бері қолға алған. Алғашқы қадам сәтсіздікпен басталған еді. Көктемде тасқын су көтеріліп, мыңдаған шабақ ағынмен бірге шайылып кеткен. Шаруалар табиғаттың тосын мінезіне қарамастан көлдің іргесін бекітіп, істі жалғастыруға бел буған.

Советхан Әбікенов, шаруа қожалығының меңгерушісі:

- Балық шаруашылығын біз енді бастап көріп жатырмыз. Қиыншылық болады. Неге болмайды? Оны қарау керек. Уақытылы тамағын беру керек. Үш уақыт береміз. Жасанды көл, бірақ ағып жатыр. Тұрмайды. Тұманың басынан осы жерге дейін ағып жатыр. Қазір мына платина жартылай жабық, жартылай ашық.

Бұл шаруашылықта балықтың күтімі мен су деңгейін бақылау – үлкен жауапкершілік. Бұл істі Қайрат Нүсіпов екі жылдан бері мінсіз атқарып келеді. Ол күн сайын су айдынын аралап, балықтардың жағдайын тексеріп, арнайы жем беріп отырады.

Қайрат Нүсіпов, Шолпан ауылының тұрғыны:

- Балық енді міне, күніне екі уақыт жемін беріп отырмыз. Бидайдан бастадық, одан жүгері бердік. Енді қазір қарақұмықтың үш түрімен тамақтандырып жатырмыз. Тәуба, балықтар енді өсіп жатыр.

Шаруашылық күзге қарай 70 мың тонна өнім алуды жоспарлап отыр. Қазірдің өзінде экспорт бағытында келіссөздер жүргізіліп жатыр. «Ендігі мақсат – отандық өнімді шетел нарығына шығару», - дейді балықшылар.

Ерзат Болатов, аудандық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы:

- Үржар ауданы бойынша қосымша осы балық шаруашылығын дамытуға 4 шаруа қожалығы ниет білдіріп отыр. Қазіргі таңда бұл жобалар пысықталып жатыр. Жергілікті әкімшілік тарапынан барлық қолдаулар көрсетіліп жатыр. Бұл жобалар Барқытбел, Науалы, Көкзек және Жаңатілек ауылында іске асатын болады. 

Қазір өңірде 17 балық шаруашылығы мен 2 балық өңдеу зауыты жұмыс істейді. Жыл сайын шамамен 100 тоннаға жуық балық өсіріледі. 2028 жылға дейін бұл көрсеткішті 600 тоннаға жеткізу жоспарлануда. Осы мақсатта екі инвестициялық жоба іске асырылуда.

Рүстем Қайратұлы, Берік Жобалайұлы