Жезқазғанда Оқушылар сарайының құрылысы басталды

  • 37
  • 25.08.2025, 18:35

Жоба Болат Өтемұратов қорының қолдауымен жүзеге асады. Жалпы аумағы 2600 шаршы метр болатын заманауи ғимарат  250 балаға шақталған. Нысанның алғашқы іргетасын қалау рәсіміне облыс әкімі мен қор басшылығы қатысты.

Жезқазған жыл санап өсіп келеді. Қаланың батыс бөлігіндегі жаңадан бой көтеріп жатқан шағынауданда болашақта сәулетті ғимараттар салынады. Соның бірі салтанатты жағдайда алғашқы қазығы қағылған осы Оқушылар сарайы. 

Дастан Рыспеков, облыс әкімі:

- Бүгінгі бүлдіршін – ертеңгі ел тұтқасын ұстайтын азамат. Сондықтан да оның білімді де заман ағымына сай тәрбиеленген тұлға болуына, ұлы Абайдың тілімен айтар болсақ, «Толық адам» болып қалыптасуына жол ашу – біздің басты міндетіміз. Сол себепті де бүгін біз жай ғана ғимараттың емес, Ұлытау облысының дамуына үлес қосар азаматтардың негізін қалағалы тұрмыз деп айтсақ, артық емес.

Нысанның жалпы аумағы – 2600 шаршы метр. Бір мезгілде 250 балаға дейін қабылдайтын болады. Мұнда медиаорталық, хореография және жекпе-жек залдары, робототехника, жаратылыстану және STEM-орталығы орналасады. Құрылысқа Болат Өтемұратов қоры 7 млн доллар қаржы бөлді. 

Айнұр Карбозова, Б.Өтемұратов қорының директоры:

- Біліммен, музыкамен айналысамын десе, театр үйірмелері бәрі-бәрі бар. Оқушылар сарайы 12 ай ішінде жоспардағыдай, қалаға салынып тапсырылуы тиіс. Жаңа оқу жылына қаланың балаларына керемет сый деп білеміз. 

Төлеген Бүкіров, Жезқазған қаласының тұрғыны:

- Бүгінгі іс құтты болсын. Қарыштап дами берсін. Мынау Оқушылар сарайы – нағыз керек нысан. Жас бөбектердің мәдени, рухани білім алуына өте қажет нысан. 

Құрылыс жұмыстары 2026 жылдың маусым айында аяқталуы тиіс. Негізгі ғимараттан бөлек нысанның айналасы да абаттандырылып, бірнеше спорт алаңдары салынады. Қазір Жезқазғанда балаларды қосымша біліммен қамту – 81%. «Жаңа нысан қолданысқа берілгенде бұл көрсеткіш әлдеқайда арта түседі», - дейді мамандар.

Елдос Кәкенов, Нұрдәулет Аманкешов