Бозшакөл кен байыту кешені алғаш рет Отбасы күнін атап өтті. Жұмысшы мамандықтар жылы мен Кеншілер күні қарсаңында «KAZ Minerals» тобы кенішке ерекше саяхат ұйымдастырды. Бұл күні кәсіпорында еңбек ететін қызметкерлердің балалары ата-аналарының жұмыс орнымен танысып, өндірістік процесті өз көздерімен көрді.
Гүлсезім Өтемұратованың әкесі Бозшакөл кенішінде еңбек етеді. Жас қыз алып кәсіпорын туралы бұрын тек әкесінің әңгімесінен білетін. Бұл жолы өндіріс орнын өз көзімен көруге мүмкіндік алды. Әкесі мен қызының дәл жұмыс орнында жүздесуі жүрек тебірентер сәтке айналды. Саяхат балаларға ұмытылмас әсер сыйлап, олардың өндіріс саласына деген қызығушылығын оятты.
Гүлсезім Өтемұратова, экскурсияға қатысушы:
- Мен әкемді вахтада жүргенде көре алмаймын деп ойладым. Бірақ біз зауытқа келгенде әкем сиқырмен күтіп алды. Мен содан кейін қатты қуанып кеттім. Рахмет сіздерге, Бозшакөл!
Экскурсияға қатысқан 70-тен астам балаға арнайы бағдарлама әзірленді. Олар өндірістік цехтарды аралап, кен өндіру және өңдеуге арналған заманауи технологиялармен танысты. Бұл сапар балаларға өндірістегі нақты процестерді өз көздерімен көруге мүмкіндік берді. «KAZ Minerals» тобы осындай игі бастамалар арқылы қарапайым еңбек адамының отбасын біріктіріп, жұмысшы мамандықтардың мәртебесін арттыруға үлес қосуда.
Мәлік Инкижеков, «KAZ Minerals Bozshakol» ЖШС кеніш директоры:
- Өндіріс орнына ұйымдастырылған саяхаттың негізгі мақсаты – отбасылық құндылықтарды дәріптеу. Бұл арқылы біз балаларға ата-аналарының еңбек ететін орнын көрсетіп қана қоймай, түрлі жұмысшы мамандықтармен таныстыруды көздейміз.
Балаларды Бозшакөл кенішінің ауқымы мен ондағы алып техникалар ерекше таңғалдырды. Жеткіншектер түрлі сұрақтар қойып, алған әсерлерімен бөлісті. Себебі олардың көпшілігі ата-аналарының қайда және қалай жұмыс істейтінін алғаш рет көріп отыр.
Жаслан Жұмашев, «KAZ Minerals Bozshakol» компаниясының Оқыту және дамыту бөлімінің басшысы:
- Бозшакөлде Отбасы күні атқарылды, осымен бірінші рет бұндай шара өтіп жатыр. Шараның өткізілуінің басты себебі – бұл біздің жұмыскерлердің балаларын алып келіп, осы жұмыс орындарын көрсету. Жалпы жұмыскерлеріміздің балалары әке-шешелерінің жұмыс орындарын көріп, қазіргі кезде өндірістің ең бір керемет, заманауи технологияларын көру, үлкен техникаларын көру, былайша айтқан кезде бір отбасылық деген жақсы сезімді арттыру болып саналады деп ойлаймын.
Экскурсияның ең әсерлі сәті «Burger Fest» болды. Балалар үшін интерактивті ойындар, ән мен би және сыйлықтар ұйымдастырылды. Үлкендер мен балаларды біріктірген бұл мереке — еңбек пен отбасы арасындағы тығыз байланыстың жарқын көрінісі болды.
Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошкарбаев, Марат Игіліков